Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 2,4 трлн теңгеге жетті

Қазақстандықтардың таза инвестициялық кірісі 2,4 трлн теңгеге жетті
Қазақстандықтардың 2024 жылдың 10 айындағы таза инвестициялық кірісі шамамен 2,4 трлн теңге болды.

Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 1,1 трлн теңгеге немесе 92,8%
артық. Осы ретте міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен салымшылар мен алушыларға 2,3 трлн теңгеден астам инвестициялық кіріс түсіп, 2,1 трлн теңге мөлшеріндегі осы жарналардың көлемінен асып түсті. Таза инвестициялық кірістің жарналар көлемінен асып түсуінің мұндай
үрдісі 2024 жылғы тамыздан бері байқала бастады.

Тек 2024 жылдан бастап аударыла бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша таза инвестициялық кіріс 12,6 млрд теңге болды. Жарналардың бұл түрінен қалыптасқан жинақ көлемі – 181,9 млрд теңге.
2024 жылдың 10 айында БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан, ҚР Ұлттық Банкі басқаратын зейнетақы активтерінің кірістілігі осы кезеңдегі инфляция 8,50% болған кезде 14,88% көрсетті.

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі – 11,00%.
Қордың зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігін қарастырсақ, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша инфляция 8,3% құрағанда ол 12,47% болды.
Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады.

ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) инвестициялық портфельді үнемі әртараптандырып отырады. Яғни, зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына, валюталарға инвестицияланып, нарықтағы жағдайға қарай үнемі қайта бөлініп орналастырылады.
Қордың enpf.kz сайтына ай сайын орналастырылатын ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық қызметіне жасалған шолуда, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша кірістер құралдардың барлық түрлері
бойынша алынғандығы көрсетілген.

Ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кірістілік те инфляциядан асып түсті. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2024 жылғы 1 қарашаға өспелі қорытындыммен жинақталған кіріс бүкіл кезеңдегі инфляция 810,70% болғанда, 932,52% көрсетті.

Ұқсас материалдар