
27-29 мамыр күндері Шанхайда өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық көрмесіне еліміз 162 шаршы метрді қамтитын бірыңғай ұлттық стендпен қатысып, отандық туризмді халықаралық қауымдастыққа таныстыруда. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Ұлттық павильонда Астана мен Алматы қалаларының, сондай-ақ өңірлердің табиғи және мәдени туристік бағыттары ұсынылды. Келушілерге қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, бейнежазбалар мен қытай тіліндегі ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар, туризм саласына қатысты іскерлік кездесулер өткізілуде.
Қазақстан делегациясының құрамында министрлік өкілдерімен қатар, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, өңірлік туризм басқармалары, туристік агенттіктер мен қонақ үй бизнесі өкілдері бар.
«Қытай – Қазақстан үшін басым туристік нарықтардың бірі. 2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өсті. Тек биылдың өзінде еліміздегі қонақүйлер 173 987 қытайлық қонаққа қызмет көрсеткен, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 66%-ға жоғары», – делінген министрлік мәліметінде.
Туристер ағынының артуына визасыз режимнің енгізілуі, әуе қатынасының ұлғаюы және ақпараттық ілгерілету жұмыстарының жүйелі жүргізілуі сеп болды.
Айта кетейік, ITB China – Қытайдағы ең ірі B2B форматындағы туризм көрмелерінің бірі. Биыл көрмеге 80 елден 600-ден астам экспонент пен 15 000-нан астам салалық маман қатысуда.