Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтем сомасын төлеудің электрондық порталын сынамалы тәртіпте іске қосты, деп хабарлайды 7kun.kz іскер жаңалықтар агенттігі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қордың хабарлауынша порталдың баламасы ТМД аумағында жоқ. Мұндай қызмет тек Оңтүстік Корея, Финляндия және Тайвань секілді технология жағынан дамыған мемлекеттерде жүзеге асырылған. Ал Германия мен Канадада онлайн-төлемдерді енгізу жұмыстары әлі жүргізілу үстінде.
Бірыңғай ақпараттық жүйеге лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларының тізімдерін біріктірген. Бұл салымшыға лицензиясынан айырылған (таратылып жатқан) барлық банктердегі депозиттер бойынша төленуге жататын кепілдік берілген өтем сомаларын тексеруге және олар бойынша бір өтінішпен өтем алуға жол ашады. Сонымен қатар салымшы жүйедегі жеке кабинет арқылы өтінішінің орындалу мәртебесін өз бетімен қадағалау мүмкіндігіне ие болады.
Кепілдік берілген өтемді төлемдердің электрондық порталы арқылы алуға тек қана шоттардың, карточкалар мен депозиттердің иелері ғана өтініш бере алады. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен беріледі. Одан әрі бейне және SMS-код арқылы қос факторлы биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Бұл ретте SMS-кодты алу үшін салымшылардың ұялы телефондары мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы керек. Толық нұсқаулық порталда қолжетімді.
Салымшылардан онлайн өтініштер қабылдау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жаңа сервисті «Қазинвестбанк» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ салымшылары пайдалана алады.
«Қазинвестбанк» АҚ және «Эксимбанк Қазақстан» АҚ салымшыларының сенімхат бойынша өкілдері, мұрагерлері және өзге де құқық иеленушілері өтем алу үшін жазбаша өтінішті ҚДКБҚ-ға тапсырады.
Барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған: «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және «Астана Банкі» АҚ салымшылары үшін өтінішті төлемдердің электрондық порталы арқылы беру мүмкіндігі алдағы жақын уақытта қолжетімді болады.
«Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары кепілдік берілген өтемді алу үшін Қорға немесе банктің тарату комиссиясына мына мекенжай бойынша жүгінулері тиіс: Қарағанды қ., Бұхар Жырау даңғылы, 51/4, телефон: 8 (721) 299-64-05 (12).