
Бүгін «Көлсай көлдері» МҰТП аумағында AFoCO хатшылығы, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұйымдастыруымен климаты құрғақ Орталық Азия елдерінде орман және дала өрттерін сөндіруші кәсіби мамандарды дайындауға арналған халықаралық тренинг басталды.
Тренингке Қазақстаннан бөлек Бутан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысуда. Мамандарға Франция, Кореяның өрт сөндіру және орман қызметінің өкілдері, Қазақстан тарапынан ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Жолбарыс Нияз, Қазәуеорман күзетінің ұшқыш-бақылаушысы Тимофей Плотников дәріс өтеді.
Мамандар дәріс барысында орман және дала өрті шығу қаупін сараптау, спутник, ұшу құралдары арқылы өрт аумағын анықтау, өшіру әдістерін үйретеді.
Халықаралық тренингтің ашылу шарасына ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, AFoCO департамент директоры доктор Тонгил Ким, AFoCO Бағалау және әлеуетті дамыту тобының жетекшісі Сузин Рянг, азаматтық қорғаныс подполковнигі Винсент Перо қатысты.
«Шараның мақсаты – климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл шараларын күшейтіп, Азия елдерінің ынтымақтастығы негізінде ормандарды тиімді басқаруға машықтану. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанда қашықтан өртті ерте анықтайтын кешенді жүйе жұмыс істей бастады. Бурабай, Көкшетау, Ертіс ормандарына орнатылған бұл қондырғылар өрттің алдын алып, өз нәтижесін беріп жатыр. Бұрын өртті бақылау мұнарасынан бақылап келгенбіз. Қазір камера ерте анықтап, өрттің қай жерде шыққанын бізге дереу хабарлайды. Сондықтан өрт сөндірушілер ерте жетіп, өртті үлкен көлемге жібермей тоқтатуға мүмкіндік алып отыр», дейді ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Ғалымұлы.
Ал кореялық мамандар болса соңғы жылдары орман өртін сөндіруге ұшқыш аппараттардан бастап жасанды интеллектке дейін пайдаланатынын айтады.
«Оңтүстік Корея аумағының 64%-ын орманды алқап алып жатыр. Сондықтан өрт жиі болады. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін біз барынша соңғы технологияларды пайдаланамыз: өртті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйелері, көпфункциялы өрт сөндіру көліктері, дрондар және тікұшақтар қолданылады», дейді Орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымының (AFoCO) департамент директоры Тонгил Ким.
AFoCO өкілдері осы жетістіктің бәрін 29 тамызға дейін жалғасатын тренинг барысында Орталық Азия елдерінің мамандарына үйретпек.