Коллекторлық қызмет кредиторға банктік қарыздар, микрокредиттер бойынша берешекті реттеу жөнінде қызмет көрсетуді білдіреді.
Борышты өндіріп алу – бұл жоғары әлеуметтік жауапкершілік саласы және коллектордың борышкермен өзара іс-қимылы процесін егжей-тегжейлі регламенттеуді талап етеді.
Осы орайда 2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңы қабылданды, онда борышкермен өзара іс-қимыл тәсілдері, өзара іс-қимылдың уақыты мен кезеңі, борышкерге хабарланатын ақпараттар тізбесі, коллектормен байланыс жасай алатын тұлғалар тобы, өзара іс-қимыл процесін тіркеу міндеті, сондай-ақ борышты өндіріп алуға байланысты рұқсат берілмейтін операциялар айқындалды.
Коллекторлық агенттіктің осы қағидаларды бұзуы оны тізілімнен алып тастауға және өзін коллекторлық агенттік ретінде көрсетуге тыйым салуға әкеп соғады.
Коллекторлық қызметті одан әрі жетілдіру шеңберінде борышкерді банкрот деп тануды, оның қайтыс болуын, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерге шығуды қоса алғанда, қарыз алушыларға қатысты коллекторлық қызметті мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіздер нақтыланды.
2025 жылы сөз байласу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін коллекторлардың үлестес нотариустармен және жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылына тыйым салынды.
Сонымен қатар, борышкерлермен өзара іс-қимыл ережелерін бұзғаны және жосықсыз әрекеттер жасағаны үшін коллекторлық агенттіктердің әкімшілік жауапкершілігі екі есе күшейтілді.
Сонымен қатар борышкерлермен өзара іс-қимыл қағидаларын бұзғаны және жосықсыз әрекеттер жасағаны үшін коллекторлық агенттіктердің әкімшілік жауапкершілігі екі есе күшейтілді.
Коллекторлық агенттік қызметкерлерінің тікелей дербес әкімшілік жауапкершілігі белгіленді. Борыштарды өндіріп алу кезінде қоқан-лоққы жасау, қысым көрсету және өзге де заңсыз әрекеттер үшін коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігі енгізілді.
Борышты реттеу үшін делдал ретінде коллекторды тартудан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз бойынша берешекті коллекторлық агенттікке беруге құқылы. Алайда, бұл кредитордың проблемалы борышкерлермен жұмысының тиімділігін төмендетеді және портфельді одан әрі арттыруға ықпал етеді. Осыған байланысты 2024 жылы заңнамалық деңгейде коллекторлық агенттіктерге азаматтардың қарыздарын сатуға екі жылдық мораторий енгізілді.
Бұл ретте, қарыз алушылардың қолда бар пулына қатысты коллекторлардың Агенттік қағидаларына сәйкес борышты реттеу рәсімін жүргізу міндеті енгізілді.
Кейіннен 2025 жылы осы қағидалар жетілдірілді және коллекторлық агенттікті қарыз алушы берешекті реттеу туралы өтініш берген жағдайда атқарушылық жазбаны немесе берешекті өндіріп алу туралы сотқа талап қоюды тоқтата тұруға міндеттейді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарын коллекторлық агенттіктерге берешекті беруге ынталандыру үшін азаматтардың қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторийдің қолданылуы ағымдағы жылғы 1 мамырдан 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Алайда, коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылған және Агенттіктің қадағалауынан шыққан жағдайда, оның қарыз алушылармен одан әрі өзара қарым-қатынасы Азаматтық кодекстің құзыретіне өтеді, бұл оған жалпы қағидаттар бойынша өндіріп алуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Азаматтарға қатысты заңсыз іс-әрекеттердің тәуекелдерін болдырмау және қолданыстағы коллекторлық агенттіктердің борышкерлерімен тең құқықтарды қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы 16 қаңтарда заңнамалық өзгерістер қабылданды. Коллекторлық агенттік мәртебесінен айырылған ұйымдар, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорлары банктік қарыз, микрокредит шарты шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға, сондай-ақ кредиттік бюролардың дерекқорларындағы барлық борышкерлер бойынша ақпаратты жаңартуға міндетті.
Сондай-ақ коллекторлық қызметтер нарығында өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ) құру мүмкіндігі қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі реформа болды. Жаңалық мемлекеттік қадағалауды кәсіби қоғамдастық тарапынан ішкі бақылаумен толықтыруға бағытталған.
ӨРҰ құру қызметтің бірыңғай стандарттарын, борышкерлермен өзара іс-қимылдың этикалық және кәсіби қағидаларын және ӨРҰ қатысушылары сақтауға тиіс өзге де ішкі құжаттарды әзірлеуді талап етеді. Оларға өз қатысушыларына оларды құрамнан шығаруға дейін шаралар қолдану жөніндегі өкілеттіктер беріледі, бұл нарықтағы коллектордың қызметіне одан әрі тыйым салуға әкеп соғуы мүмкін.
Бәсекелестік күрес жағдайында өзін-өзі реттеу институты коллекторлық агенттіктердің қызмет көрсету сапасына әсер етеді және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді деп күтілуде.
Бұл ретте коллекторлық агенттіктердің қызметін тоқтатуға қатысты реттеу, шешімдер қабылдау функциялары және өзге де қолданыстағы өкілеттіктер Агенттікте сақталады. Реттеуші барлық коллекторлық агенттіктерді бақылауды жалғастырады, алайда назар тәуекелі жоғары субъектілерге, сондай-ақ ӨРҰ-ның қызметіне аударылады.
Қызметтің тиімділігін бағалау үшін ӨРҰ-ның Агенттікке ӨРҰ мүшелеріне жүргізілген тексерулер, қарыз алушылардың қаралған өтініштері, сондай-ақ ӨРҰ мүшелеріне қолданылған шаралар бойынша есептілікті ұсыну міндеті белгіленген.
Агенттік қабылдайтын шаралар кешені нарықта коллекторлық қызметтің ашық және заңға бағынышты ортасын қалыптастыруға ықпал ететін болады. Мұндай агенттіктер құқықтық салада қатаң әрекет етіп, азаматтармен өркениетті және сындарлы диалог құруға бағдарланатын болады.





