Ұлттық қор қаржысы тек стратегиялық жобаларға жұмсалуы керек – Ерлан Қошанов
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, оның тек мемлекеттік маңызы бар стратегиялық жобаларға бағытталуы тиіс екенін айтты.
Парламенттің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері қаралды. Талқылау барысында Мәжіліс спикері өткен жылы ел экономикасында оң көрсеткіштер тіркелгенін атап өтті. Оның айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсімі жоспарланған деңгейден де жоғары болып, экономикалық тұрақтылық сақталған.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов бюджет саясатын іске асыру барысында бірқатар жүйелі мәселелердің сақталып отырғанына назар аударды. Оның сөзінше, былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1 пайыздан 6,4 пайызға дейін төмендеген. Нәтижесінде жоспарланған әрбір бесінші инвестициялық жоба аяқталмай қалған.
– Елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі инфрақұрылымға, өндіріс саласына, инновацияға және адами капиталға салынатын инвестицияларға тікелей байланысты. Сондықтан даму шығындарына басымдық беру қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ол сондай-ақ Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуына қатысты сын айтты. Атап айтқанда, өткен жылы кейбір өңірлерде көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көше жарығын орнату сияқты жобалар қор есебінен қаржыландырылған.
Ерлан Қошанов мұндай тәжірибе Ұлттық қордың негізгі мақсатына қайшы келетінін атап өтті.
– Ұлттық қор қаржысы тек мемлекеттік маңызы бар, елдің болашақ дамуына әсер ететін ірі жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуы тиіс. Сондықтан Үкімет қор есебінен қаржыландырылатын барлық жобаларға жан-жақты мониторинг жүргізіп, олардың тиімділігіне баға беруі қажет, – деді ол.
Мәжіліс спикері бюджет кірістерін жоспарлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда бюджет кірістерінің өсімі экономиканың даму қарқынынан қалып келеді. Осыған байланысты мемлекеттік кірістерді неғұрлым нақты әрі объективті болжау маңызды.
Парламент отырысында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, Ұлттық қордың сақталуы және мемлекеттік инвестициялардың қайтарымын арттыру мәселелері алдағы уақытта да депутаттардың ерекше бақылауында болатыны атап өтілді.





