Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы алдағы кезектен тыс Президент сайлауына үміткер ретінде ұсынылды.
Қазақстанның қазіргі Президенті бұл ұсынысқа келісімін берді. Сөйтіп Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Президент сайлауына қатысатын болды.
"Біз алға жылжу керекпіз. Сондықтан, мен өз кандидатурамды ұсыну туралы сіздермен келісетін болармын, себебі бізді алда жаңа күрделі міндеттер күтіп тұр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша съезд барысында күн тәртібіне сәйкес сөз алған академик К. Сағадиев бүгінгі әлемдік ахуалға, жаһандық дағдарысқа тоқтала келе, мұндай жағдайда «ел тізгінін берік ұстайтын азаматты қазір сайлаудың маңызы зор екенін» жеткізген.
Еске сала кетейік, еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауы 26 сәуірге белгіленген.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен кездесуінде айтылған Президенттің сөзінен кейін оның алдағы сайлауға қатыспауы мүмкін деген "болжамдар" де пайда болған еді.
"Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды жылдар бойы басқарып келемін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып, құрдық. Бәлкім, театрда айтатындай, декорацияны өзгертетін де кез жеткен шығар. Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю биліктен кеткенде мен одан неге кеттіңіз деп сұрағанмын. Ол соңғы уақытта теледидардан өзін көру ұнамай кеткенін айтқан еді. Менде де басқа жоспарлар болған", – деген еді Елбасы.
Сондай-ақ, Президент бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, оны да ескеру қажеттігін айтқан болатын.