Оңтүстік Қазақстан облысында электр энергиясын тасымалдау қажеттілігі 20 пайызға азаймақ. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО баспасөз қызметі.
«Елбасы ұсынған 100 нақты қадамда энергетика саласы бойынша да бірқатар міндеттер айтылған болатын. Ал, аталған қадамдарды іске асыру бойынша жауапты орындаушы болып Қазақстан Республикасының Энергетика Министрлігі, «КЕГОК» Акционерлік Қоғамы және Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болып табылады», - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өңір тұрғындары электр қуатын жаз мезгілінде 330-350 МВт, қыс мезгілінде 430-470 МВт аралығында тұтынады. Бүгінде облыстағы барлық елді мекендер 100 пайыз электр энергиясымен қамтылған.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, облыста тұтынылатын электр қуатының 60 пайыздан астамы еліміздің солтүстік аймақтарынан және Жамбыл МАЭС-нан тасымалдануда. Осы қажеттілікті біршама азайту мақсатында басқарма ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе бірқатар жұмыстарды жүргізуде. Мәселен, 2009-2017 жылдары «Шардара СЭС» АҚ-ның қуатын 100 МВт-тан 126 МВт-қа ұлғайтылса, 2017-2018 жылдары «3-Энергоорталық» АҚ-на орнатылған қуатын 160 МВт-тан 210 МВт-қа көбейтілмек. Осы жұмыстар іске асырылған жағдайда, 2019 жылдан бастап, облысқа тасымалданатын электр энергия көлемін 20 пайызға азайту көзделуде.
Сонымен қатар, өңірде кіші су электр станцияларын салу жұмыстары да қолға алынуда.