Павлодар қаласында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының атташесі Адомас Давалгамен және INSOCIUM интегралды қоғам институты қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесуге келген қатысушылар ресми форматтан ауытқып, командаға бөлініп, ойын түрінде жетістікке қалай жету керек деген сұраққа жауап іздеді. Мәселен, қатысушылардың әрқайсымен анағұрлым жақын танысу, жетістікке жету жолында туындауы мүмкін кедергілерді анықтау және затты командамен бірге құлатып алмай, ұстап тұру сынды тапсырмалар берілді. Кездесу қонағы Адомас Давалга: – «Бүгінгі күні Литва Республикасында бірігу әдіснамасы айтарлықтай кең қолданысқа ие. Яғни, Литвада бұл әдіснама колледж немесе университет студенттерінің арасында кеңінен қолдау тауып, оқу жүйесіне енгізілген. Сондықтан, біз бизнесте жетістікке жету үшін аса тиімді жол бірігу деп есептейміз», – дейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тапсырмалардың барлығы адам бойындағы барлық мүмкіндіктерді дамытып, командалық ойлау қабілетін қалыптастыруға септігін тигізеді екен. – «Кездесу өте қызықты өтті. Шын мәнінде көкейтесті мәселелерді осындай еркін форматта өткізу мәселе өзегіне тереңірек үңіліп, оның шешімін табуды жеңілдетер еді. Бұл әдіснаманы біз өзіміздің жұмысымызда қолданып, жинаған тәжірибемен бөлісуге дайынбыз», – дейді сөзін түйіндеген бизнесвумен Тамара Бабенко.
Адомас Давалганың Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары Наурыз мерекесіне дөп келіп, мереке ойын-сауығымен жалғасын тапты.