Сот үкімімен тәркіленген автокөліктердің бірі – Mercedes-Benz S450 электронды саудаға қойылды.
Sauda.e-qazyna.kz порталындағы мәліметке сәйкес, көліктің бастапқы бағасы 79 415 000 теңгені құрайды.
Аталған мүлік бір ғана сатып алушыға сатылуы мүмкін немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілуі ықтимал. Өтінімдер 7 сәуірге дейін қабылданады.
Құжатта көрсетілгендей, бұл автокөлік құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалардың қызметін қамтамасыз ететін құрылымдарға берілмейді.
Көлік 2024 жылы шығарылған, түсі қара, мемлекеттік нөмірі – 777KPK01. Бұл сипаттамалар Қаржылық мониторинг агенттігі бұрын жариялаған видеодағы тәркіленген көлікке сәйкес келеді.
Техникалық тұрғыда көлікте «Pandora» сигнализация жүйесі бар, алайда аккумуляторы өшкендіктен қазіргі жағдайын толық тексеру мүмкін емес. Көлікке шектеу қойылған және қазіргі уақытта Астана қаласында тұр.
Сатушы – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті.
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді.





