Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қаржылай сауатты адамның 5 белгісі

Қаржылай сауатты адамның 5 белгісі

Қоғамда қаржы алаяқтары мен ақша жымқырғысы келгендер көбейген тұста, нарықта күнделікті тұтынатын тауарлар мен тұрмысқа қажетті заттардың бағасы құбылып тұрғанда әрбір азамат үшін қаржылай сауатты болудың маңызы зор. Қолда бар жинақты дұрыс жаратып, қаржыдан оңай айырылмаудың, дағдарысқа тап болып қиналып қалмау үшін ең тиімді жолы да сауатты болу. Сол себепті қаржылай сауатты адам қандай болу керек, оның негізгі белгілері қандай деген сауалға жауап іздейміз.

Адам бойындағы қаржылық сауаттылық деген бейім оның экономикалық процеске және экономикалық қызметке араласуымен, тартылуымен де анықталады. Дүние жүзінде әр жыл сайын түрлі агенттіктер мен компаниялар азаматтардың қаржылық сауатын анықтайтын, өлшейтін зерттеулер жүргізеді. Соның нәтижесін жариялап, белгілі бір елдегі азаматтардың экономикаға тигізер әсері мен ықпалын бағамдайды.

Мәселен, Ресейде бірнеше жыл қатарынан талдау орталықтарының бірі Федерациядағы 85 субъектінің әрқайсысында халықтың қаржылық сауаттылық деңгейіне ауқымды зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесі бойынша ресейліктердің қаржылық сауаттылық деңгейі бір жыл ішінде өсіп, 1 – ден 21-ге дейінгі шкала бойынша 12,37 баллды құрады. Ол көрсеткіш бір жыл бұрын – 12,12 балл болған.  Зерттеу нәтижелері бойынша қаржылық сауатты адамның портреті жасалды: ол – экономикалық үдеріске және экономикалық қызметке қатысатын қаржылық қызметтердің белсенді пайдаланушысы, 1 немесе 2 баласы бар отбасылы адам.

Қаржылық сауаттылық деңгейі ерлер мен әйелдерде әр түрлі: әйелдер ерлерге қарағанда қаржылық жағынан сауатты екен (әйелдерде қаржылық сауаттылық индексінің мәні – 12,46 балл, ерлерде – 12,27 балл). Шамамен, 40 жасқа дейін индекстегі гендерлік айырмашылықтар көрінбейді, бірақ 40 жастан кейін әйелдердің артықшылығы айқын көрінеді. Бұл әйелдердің өз үй шаруашылықтарының қаржылық қызметіне көбірек араласуына байланысты (күнделікті шығыстарды жоспарлау, отбасы мүшелерінің қажеттіліктерін қаржыландыруды ұйымдастыру және т.б.). Бұл ретте ерлер әйелдерге қарағанда қаржы өнімдерін (мысалы, салымдар мен қарыздар), инфляцияның базалық қасиеттерін, сондай-ақ, тәуекел мен табыстылықтың өзара байланысын жақсы түсінеді.

Қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейінің белгісі – күнделікті өмірде заманауи төлем құралдарын және банктік қызметтерді қашықтықтан пайдалану. Қаржылық сауаттылығы төмен азаматтар банк карталары мен банк қызметтерін азырақ пайдаланады. Ал қаржылық сауаттылығы жоғары тұрғындардың да қазіргі таңда қатары көбеюде. Соңғы екі жылда тек қазақстандықтар емес әлем халқы төлемнің онлайн немесе қолма-қол ақшасыз тәсілдеріне көп жүгіне бастады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан халқы 2019 жылмен салыстырғанда қолма-қол емес төлемді 205 есе көп жасаған. Ал Смарт Пэй (QR, Apple Pay, Samsung Pay, Google Pay, Android Pay, Garmin Pay) арқылы жасалған төлемдер 2019 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 33 есе артқан. Түрлі қызметтер мен тауарлар үшін онлайн төлем 2,9 есе өскен. Зерттеу нәтижелері бойынша елімізде 2021 жылы қолма-қол емес төлем көлемі 14,5 трлн теңгеге жеткен. Ал 2020 жылы мұндай төлем 82%-ға аз болған. Бұл тек Қазақстандағы көрсеткіш.

Қаржылық қауіпсіздік – қаржылық сауаттылықтың маңызды құрамдас бөлігі. Ресейдегі зерттеу нәтижесі бойынша сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі (34%) жоғары табыстылық пен ақшалай салымдардың жоғары тәуекелі арасындағы байланысты дұрыс көрсете алмаған. Банк картасын қолданатын әрбір үшінші адам (31%) алаяқтық әрекеттерге тап болған. Көбінесе алаяқтар карта деректерін білуге немесе жалған шоттарға ақша аударуға тырысыпты. Карта иелерінің 4%-ы алаяқтық әрекеттер нәтижесінде қаржылық шығынға ұшырағанын да мойындады.

Қаржылық сауаттылық деңгей отбасы мүшелерінің саны мен жас ерекшеліктеріне байланысты да өзгереді. Сонымен, қаржылық сауаттылық 1-2 кәмелетке толмаған балалары бар толық отбасыларда жоғары болады. 3 және одан да көп балалары бар отбасыларда, сондай-ақ, толық емес отбасыларда қаржылық сауаттылық айтарлықтай төмен жағдай жиі кездеседі.

Жинақ және сақтандыру өнімдерін пайдалану қаржылық сауаттылықтың жоғары деңгейінің бір белгісі. Салымшылар мен сақтандыру өнімдерін пайдаланушылардың қаржылық сауаттылық деңгейі ел бойынша орташадан жоғары. Бұл ретте микроқаржы ұйымдары мен ломбардтардан қарыз алушылар, сондай-ақ, қаржы өнімдерін мүлдем пайдаланбайтын адамдар қаржылық сауаттылықтың төмен деңгейімен ерекшеленеді.

Сонымен, қаржылай сауатты адамның бойындағы негізгі 5 белгіге тоқталайқ.

1. Ол азаматта үнемі бәрі бақылауда.

Қаржылық сауаты жоғары адам өз кірістері мен шығыстарының есебін жүргізеді. Ол қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қаржылық жоспар құрады.

Ең жақсы нәрсе-қаржылық жоспарды жасау, оның ішінде:

- қолда бар және жұмсалатын ақша қаражатының санын есепке алу;

- шығындарды қайта қарап ретке келтіру;

- кірістер мен шығыстарды жоспарлау.

2. Бұл адам тапқан ақшасының бәрін жұмсамайды.

Қаржылық сауатты адам банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алмайды. Ол тапқан ақшасымен өмір сүреді және жинақ жасайды. Әрбір жалақыдан кем дегенде 10% қалдырады және оларды түрлі сылтаумен жұмсап тастамайды. Бұл ақша қажеттіліктерге емес, келер күнде активтерге инвестиция салуға арналған.

3. Ол қаржы әлемін қадағалап отырады және соны басшылыққа алады, яғни:

- қаржы нарығындағы жағдайды бақылайды;

- түрлі қаржы өнімдері мен қызметтерінің ерекшеліктерін түсінеді (несие, жинақ салымы, микрокредит, ипотека);

- ақшаны жоғалтып алмау үшін қаржы ұйымдарының сенімділігін де тексереді;

- қаржы саласында өз құқықтарын және оларды қорғау тәсілдерін біледі және пайдаланады.

4. Оның жеке резервтік қоры бар.

Әр адамға күтпеген жағдайлар үшін сақтаулы тұрған ақша қажет. Сіз жұмыстан айырылып, ауырып қалуыңыз мүмкін, сізге шұғыл түрде көлікті жөндеу немесе пәтерде жөндеу қажет болуы мүмкін. Осы сияқты түрлі проблемалар әркімде болады. Сіз оларды шешуге дайын болуыңыз керек. Бұл үшін резервтік қор қажет.

5. Бұл адам зейнетақы жинақтарын сауатты жасайды.

Өмірлік негізгі міндеттер шешілген, ал үлкен және салыстырмалы түрде қымбат кредиттер – өтелген кезде зейнетке ақшаны жинай бастаңыз. Қаржылық сауатты адам – бұл стратегиялық ойлау қабілеті бар және болашағын нақты көретін адам екенін ұмытпаңыз.

Көптеген адамдар бірінші рет осы қағидаларды ұстана алмайды. Ең бастысы – таңдалған бағытта жүруді жалғастыру! Күнделікті жұмыс көп ұзамай пайда түрінде оң нәтиже береді. Қаржылық сауаттылық сіздің өміріңізді жақсы жаққа өзгертеді және оны ыңғайлы етеді. Нәтижесін де байқай бастайсыз. Ендеше тапқан табысыңызды үнемді жұмсап, қызығын көру де тек өзіңізге байланысты.

Похожие материалы