Алматы. 3 мамыр. 7kun.kz – 2019 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстанда инфляция 1,8%-ды құрады, - деп хабарлайды ҰЭМ Статистика комитеті.
Баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы төрт айда (2019 жылғы сәуір 2018 жылғы желтоқсанға) – 4,8%, азық-түлік емес тауарларына 1,3%-ға жоғарылады, ал ақылы қызметтерге 1,2%-ға төмендеді.
Ағымдағы жылдың басынан (2019 жылғы сәуір 2018 жылғы желтоқсанға) бағаның өсуі жаңа жиналған көкіністерге – 38,5%, ұнға – 10,3%, нанға – 7,2%, күрішке – 6,2%-ға, макарон өнімдеріне, мұздатылған балыққа – 5,4%-дан, жаңа жиналған жемістерге, мәйекті ірімшікке – 3,6%, қой етіне – 3,5%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне – 3,4%, шұжық өнімдеріне – 3,2%, ет өнімдеріне – 2,8%-ға, сары майға, құс етіне – 2,7%-дан, шошқа етіне – 2,5%, шайға – 2,4%, кондитерлік өнімдерге – 2,3%, жылқы етіне – 2,2%, жаңа сауылған сүтке 1,9%-ға белгіленді. Темекі өнімдері – 4,9%, салқындатылған сусындар – 3,8%, алкогольді ішімдіктер 3,5%-ға қымбаттады. Бағаның төмендеуі сүзбеге – 1,5%, қарақұмық жармасына – 1,4%, жұмыртқаға 0,7%-ға тіркелді.
Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге – 3,4%, автомобильдерге – 2,7%, тоқыма бұйымдарына – 2,2%, жиһаз және үйге қажетті заттарға, киім және аяқ киімге – 2,1%-дан, жуғыш және тазалағыш құралдарға, жеке қолданатын тауарларға, тұрмыстық аспаптарға 2%-дан құрады. Бензин – 3,7%, тас көмір – 2,1%, дизель отыны – 1,5%, баллондағы сұйытылған газ 0,9%-ға арзандады.
Баға деңгейі құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне – 5%-дан, денсаулық сақтау қызметтеріне, санаторийлер қызметтеріне – 2,8%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 2,1%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 2%, қонақ үйлер қызметтеріне – 1,7%, кабельдік телевизия қызметтеріне 1,3%-ға өсті. Жолаушылардың темір жол көлігімен жол жүру ақысы – 4,1%, әуе көлігімен 2,1%-ға арзандады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға – 11%, суық суға – 7,5%, кәрізге – 6,9%, ыстық суға – 6,6%, электр энергиясына – 5,3%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 4,1%, қоқыс шығаруға 3,4%-ға төмендеді.