Алматы. 30 сәуір. 7kun.kz — Қазақстанда 2019 жылы экспорттаушылардың шығындарын өтеу үшін 10,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» мәлімдеді.
Компанияның хабарлауынша, отандық кәсіпкерлер шетелде тауарларды жарнамалауға байланысты шығындар үшін ақша қайтарымын ала алады.
Сондай-ақ оларға шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдарға тікелей қатысуға, буклеттерді шет тілдеріне аудару мен әзірлеуге, өкілдікті ұстауға, тауар белгілерін (брендін) тіркеуге байланысты рәсімдерді жүргізуге және тауарларды шетелде сертификаттауға байланысты рәсімдерді өткізуге жұмсаған ақшаны қайтарады.
Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпкерлер ел шегінде тауарларды темір жол немесе автокөлікпен жеткізгені үшін қайтарым алады.
Осылайша, ірі бизнесмендер өтеуге ұсынылған соманың 30%-ын, орта кәсіпкер – 50%-ын, шағын кәсіпкерлер - 60%-ын қайтарады.
«Сонымен бірге, ережелерге сәйкес, бизнестің көлеміне қарамастан, ең жоғары өтем мөлшері 13 мың АЕК немесе 32,8 млн теңгеден аспауы тиіс. Тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтеудің шекті мөлшері ағымдағы жылға бөлінген қаржы қаражатының 1/50-нен немесе бір субъектіге 200 млн теңгеден аспайды. Жүк көлігімен тасымалдау лимиті 1 км жүгіріске 300 теңгеден аспайды», - деп түсіндірді компания.