Биыл сәуір айынан бастап «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша жаңа теміржол қатынасы іске қосылады.
Бұл бастама Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен, Көлік министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында және азаматтардың өтініштері негізінде жүзеге асырылып отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы екі жолаушылар вагонын бөліп, олар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күн ара қатынайды. Ақтоғай станциясында бұл вагондар №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеледі. Бұл шешім бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жолаушылар тарапынан тұрақты сұраныс болған жағдайда вагондар саны мен пойыз қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ.
Алғашқы пойыз сәуір айында жолға шығады деп жоспарланып отыр және бұл сапар Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына орайластырылмақ.
Ведомствоның айтуынша, жаңа теміржол бағыты өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға, тұрғындардың мобильділігін арттыруға, ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға, сондай-ақ Жетісу облысының туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді





