Жамбыл облысында әкім орынбасарларының жұмыс тиімділігін арттыру алгоритмі бекітіледі
Алматы. 4 наурыз. 7kun.kz – Жуырда Жамбыл облысы әкімінің орынбасарларының, аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру алгоритмі бекітілмек. Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.
"Асқар Мырзахметов мұндай жүйені қалыптастыруды өткен жылдан бері көтеріп келе жатқаны белгілі. Яғни, облыс әкімінің орынбасарларынан бастап аудан, қала және ауылдық округ әкімдері де өз жұмысының нәтижелігін көтеру қажет. Қойылып отырған басты талап – осы", - делінген хабарламада.
Жаңа жүйе бойынша облыс әкімінің орынбасарлары айына бір рет ауданға шығып, өз салаларына қатысты алқалы жиын өткізіп, тұрғындарды қабылдайтын болады. Ауданда өткен алқалы мәжілісте салалалық басқарма басшылары өз бағыттары бойынша баяндама жасаса, облыс әкімі аппаратының инспекторлары жүргізілген талдау қорытындысы бойынша кездесіп отырған түйінді түйіткілдерге тоқталмақ. Облыс әкімінің орынбасары жиында қаралған мәселелер бойынша қорытынды шығарып, бағасын беріп, нақты шешім қабылдауы қажет. Ай сайын мониторинг жүргізіп, тоқсан сайын селектрлік режимде қорытынды жиын өткізіп, сала өкілдерімен тұрақты кездесіп тұруы керек. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарлары алдағы уақытта тоқсан сайын ӨКҚ алаңында брифингке шығып, жергілікті телеарна арқылы «әкімдік сағатына» қатысуы да жолға қойылады.
Аудан мен ауылдық округ әкімдерінің жұмыс істеу жүйесі де аталған алгоритмде нақты көрсетіледі. Мысалы, аудан әкімі жыл бойы өз аймағындағы барлық елді мекендерді аралап, халықпен кездесулер өткізіп, олардың тілек-өтініштері мен ұсыныстарына құлақ аспақ. Өзара индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына шолу жасап, жұмыстың қорытындысына сәйкес шешім шығаруға міндеттеледі. Өз кезегінде ауыл әкімдерінің де жауапкершілігі артуы тиіс. Олар елді мекен аумағындағы жерлердің тиімді пайдалануы, әлеуметтік мәселелердің нақты шешілуі секілді міндеттерді атқарады.
Асқар Мырзахметов бекітелетін алгоритм бойынша өтетін кездесулер мен жиындардың нақты формасы болу керектігін ескертіп, олардың бәрі жәй қағаздағы есеп үшін емес шынайы жұмыс көрсеткішін арттыруға негізделетінін баса айтты. Сол арқылы жұмыс қорытындысы бағаланып, жауапты тұлғалардың өз деңгейінде нақты шешімдер шығаруы талап етіледі. Өңір басшысы алгоритмді уақыт созбай бекіту үшін тиісті тұлғаларға дайындық шараларын аяқтауға үш күн уақыт берді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024