Жыл басынан бері газға қатысы бар ресейлік ірі компаниялардың 4 топ-менеджері жұмбақ жағдайда қайтыс болды
Ресейде жыл басынан бері газға қатысы бар ірі компаниялардың басшылары өзіне-өзі қол салып қайтыс болды. Олардың екеуінің отбасы бірге өлген, деп хабарлайды 7kun.kz.
30 қаңтарда Петербургтің маңындағы Ленинский ауылындағы үйінен «Газпром инвесттің» көлік қызметінің басшысы, 60 жастағы Леонид Шульманның денесі табылған. Артына қалдырған хатта ол сынық аяғындағы қатты ауырсынуға шыдамағанын жазған. Тергеушілер хатқа бірден күмән келтірді. Олардың ойынша, Шульманның өлімі көлік қызметіндегі тексеруге байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл іс бойынша ресми болжам "өз-өзіне" қол салды деген нұсқамен қалды.
Ал 25 ақпанда дәл осы Ленинский ауылындағы үйдің гаражынан «Газпромның» бірыңғай есеп айырысу орталығы директорының корпоративтік қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Александр Тюляковтың денесі табылды. 61 жастағы топ-менеджер өзін-өзі өлтірді деген болжам жасалғанымен, «күмәнді нәрселер көп», деп жазады ресейлік БАҚ. «Фонтанка.ру» сайтының жазуынша, Тюляков қайтыс болардан бірер күн бұрын біреулерден қатты таяқ жеген.
novayagazeta.ru жазуынша аталған ауылда «Газпром» топ-менеджментіне кіретін Александр Дюков, Юрий Гороха, Павел Николаев, Сергей Куприянов, Михаил Середа, Ольга Драгомирецкая, Анатолий Мариничев, Александр Иванников тұрады. Сонымен қатар, мұнда «Газпромның» басшысы Михаил Миллердің ұлы Алексейдің атына жазылған 40 мың шаршы метр жер бар.
18 сәуірде тағы осы компанияға қатысы бар топ-менеджер, Газпромбанктің бұрынғы вице-президенті 51 жастағы Владислав Аваев пен әйелі, 13 жастағы қызының денесі табылды.
Алдын-ала болжам бойынша, Авеев әйелі мен қызын атып өлтіріп, өзіне қол салған. Тергеу кезінде анықталғандай банкирдің қолында тапанша болған және үйден 13 дана қару табылған. БАҚ "бұған себеп — қызғаныш болуы мүмкін" дегенді жазады. Авеевтің әйелі көлік жүргізушімен көңілдес болып, одан жүкті болған. Мұны күйеуі біліп қойған соң жүргізуші жұмыстан кетіп, отбасында жанжал туындаған. Банкир шетелге қашпақ болған, бірақ үлгермей қалған деген де болжам жазылуда. Ресми болжам бойынша бұл екеуі де өздеріне қол салған.
""Газпром басшылығында жүріп түсініксіз жағдайда қайтыс болу оқиғасы бұған дейін де болған. 2016 жылдың 25 маусымында Иванов облысында «Газпром межрегионгаз Иваново» бас директорының орынбасары Сергей Бахирев пен бейтаныс әйелдің денесі табылған. Тексеру кезінде олардың пышақталғаны анықталған. Болжам бойынша екеуі бір-бірін пышақтап өлтірген.
Дәл осы 2016 жылы «Желанный» ауылында «Газпромның" Астрахан бөлімшесінің экс-бас директоры 63 жастағы Виталий Захаровты атып кетті. Одан 2 жыл бұрын «Газпромның» екі қызметкері аңшылық кезінде бір-бірін атып тастағаны туралы ақпарат тараған. 2004 жылы Газпромға еншілес «Югтрансгаз» компаниясының медициналық қызметінің басшысы Евгений Бандоринды ұрлап, өлтіріп кеткен. Бұл іс бойынша тапсырысты орындаушы Константин Молчанов дегеннің тобы ұсталып, сотталды.
Ал кеше ресейлік ең ірі табиғи газ өндірушінің бірі «Новтатэктің» бас бухгалтері, басқарма төрағасының орынбасары болған Сергей Протесени мен әйелі, 18 жастағы қызының денесі Испанияның Льорет-де-Мар қаласындағы жалдамалы пәтерден табылды. Болжам бойынша, ол да қызы мен әйелін пышақтап өлтіріп, өзі асылып өлген. Алайда испан полициясы "оларды қасақана өлтіріп кетті" деген болжам бойынша да тергеу жүргізуде.
Бұл іс бойынша қос компания да пікір білдірмеді, полиция да ақпарат таратпаған. БАҚ өкілдері 4 бірдей топ-менеджер өлімінің ұқсас болуы күмәнді деп отыр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024