2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 354,2 мың адам алған.
Оның ішінде 311,9 мың азаматқа төлем дәл осы жылы тағайындалған. Жұмыссыздарды қолдауға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 130,4 млрд теңгені құрады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер әлеуметтік төлемді 1 айдан 6 айға дейін алу мүмкіндігіне ие. Төлем мерзімі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табыс деңгейіне байланысты анықталады. Ал төлем мөлшері жоғалтқан табыстың 45 пайызына дейін жетуі мүмкін. Қаражат МӘСҚ есебінен төленеді.
Әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін азамат eGov.kz порталы немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Онлайн өтінім берілгеннен кейін мансап орталығы бір жұмыс күні ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Тіркеу туралы дерек болған жағдайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйесі азаматқа төлемді проактивті форматта рәсімдеу жөнінде SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін берген соң, төлем автоматты түрде тағайындалады.
Министрлікте әлеуметтік төлемнің жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан берілетінін және жаңа жұмыс орнын іздеу кезеңінде азаматтарды қолдауға бағытталғанын атап өтті.





