Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Өзбекстанда латын әліпбиі жаңарады: не өзгереді және себебі неде?

Өзбекстанда латын әліпбиі жаңарады: не өзгереді және себебі неде?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 21 қазанда, Өзбек тілі күні, латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіру туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева жазды.

Мирзиёеваның айтуынша, жаңарту жазудағы олқылықтарды жойып, өзбек тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын нығайтуға бағытталған.

Жаңартылған әліпби 28 әріп пен апострофтан тұрады. Қазіргі нұсқада 26 әріп және үш әріп тіркесі бар. Sh, Ch, Oʻ және Gʻ тіркестерінің орнына Ş, Ç, Ö және Ğ таңбалары енгізіледі. Ng әліпбидің дербес бірлігі ретінде есептелмейді, алайда сөздерде қолданыла береді. Оның жазылу ережелері орфографиялық нормаларда жеке бекітіледі.

Реформаның себептерінің бірі — өзбек сөздерін теру мен цифрлық жүйелерде өңдеудегі қиындықтар. Мысалы, Oʻ және Gʻ таңбаларын жазғанда апострофтың бірнеше түрі қолданылады. Соның салдарынан іздеу жүйелері мен бағдарламалар мағынасы бірдей сөздерді әртүрлі деп тануы мүмкін. Бұл ақпарат іздеуді, электрондық сөздіктер мен өзбек тіліне арналған цифрлық құралдарды әзірлеуді қиындатады. Sh және Ch тіркестері де жеке таңбалармен ауыстырылады.

Жаңартылған жазуға көшу біртіндеп жүзеге асады. Қолданыстағы құжаттар, ұлттық валюта мен бағалы қағаздар өз күшін сақтайды, сондықтан оларды реформаға байланысты ауыстыру қажет болмайды. Оқулықтар, маңдайшалар мен жол көрсеткіштерді пайдалану мерзімі аяқталған сайын кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.

Өзбек латын әліпбиін реформалау мәселесі 30 жылдан астам уақыт бойы талқыланып келеді. Латын графикасына негізделген әліпби 1993 жылы енгізілген. Оның алғашқы нұсқасында қазір Ş, Ç, Ö және Ğ таңбаларымен белгіленетін дыбыстарға арналған жеке әріптер болған. Алайда 1995 жылы олар Sh, Ch, Oʻ және Gʻ тіркестерімен ауыстырылды. Латын әліпбиіне толық көшуді 2000 жылға дейін аяқтау жоспарланғанымен, бұл үдеріс ұзаққа созылды.

Ұқсас материалдар