Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

2026 жылы геологиялық деректер толық цифрландырылады

2026 жылы геологиялық деректер толық цифрландырылады

Қазақстанда келесі жылы геологиялық ақпарат толық цифрландырылмақ.

Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын енгізу арқылы сала барынша ашық, басқарылатын және қолжетімді бола түскен. Платформада өтінім беруден бастап, лицензия алуға дейінгі толық цифрлық процесс жүзеге асырылады.

«Аталған платформада жиырма екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Электронды аукциондар мен бонустарды онлайн төлеуге мүмкіндік беретін «электронды әмиян» сервисі іске қосылған», – деді Иран Шархан.

Оның айтуынша, биыл жүйеде 5,5 мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылған, 730-ға жуық лицензия берілген, 4 аукцион өткізілген, нәтижесінде 45 млрд теңге бонустар түрінде бюджетке түскен.

Сонымен қатар, платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн режимде алуға мүмкіндік бар.

«Бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізілуде. Қазіргі таңда оның 73 пайызы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 97 пайызға жетеді. Толық цифрландыруды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр», – деп атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.

Ұқсас материалдар