2027 жылы Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалы 100 млн тоннаға жетеді

Бүгін елордада алғаш «Қазақстан-Қытай» көлік форумы өтті.
«Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы жүк тасымалдау 13%-ға өсіп, 32 млн тонна болды, бұл қазір рекорд болып тұр. Биыл «Достық-Мойынты» теміржолының екінші дәлізі іске қосылған соң екі ел арасындағы теміржол қатынасының қуаттылығы қазіргіден 62 млн тоннаға жетеді. Ал 2027 жылдың соңына қарай бүкіл жұмысты аяқтаған соң 100 млн тоннаға жетеді», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев елордада өткен «Қазақстан – Қытай» көлік форумынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Одан әрі министр екі ел арасындағы көлік қатынасы жағдайына тоқталды.
«Бұрын Қытай көліктері Қазақстанның ішіне кіре алмайтын, керісінше біздің көліктерде кіре алмады. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапар барысында үкіметаралық келісімшартқа қол қойылды, соның арқасында бүгінде екі ел көліктері емін-еркін қатынап жатыр және басқа елге өте алады. Соңғы екі жылдың ішінде Қытайдан Қазақстан арқылы көлік қатынасы транзиті екі есе ұлғайды», – дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, алғашқы көлік форумына Қазақстан мен Қытайдың көлік министрлері Марат Қарабаев пен Лю Вэй қатысты.
Сондай-ақ аталған шараға екі елдің бизнес-қауымдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі келген. Форум аясында B2B және G2B кездесулер ұйымдастырылды. Форум аясында SPG Циндао порттар тобы мен Қазақстанның Құрық порты арасында меморандумға қол қойылды.