Қазақстанда 2026-2028 жылдар аралығында 3,6 миллионнан астам «ақылды» су есептеу құрылғысын орнату жоспарланып отыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинск қалаларындағы су арналар қызметіне талдау жүргізілген. Нәтижесінде процестерді оңтайландыруға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, бірыңғай цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін техникалық-экономикалық негіздемеге арналған техникалық тапсырма дайындалған.
Қазіргі уақытта әкімдіктермен және табиғи монополия субъектілерімен бірлесіп су есептегіштерін орнату бойынша өтінімдер қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ вице-министр Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында су саласына халықаралық тәжірибе мен басқарушы компанияларды тарту тапсырылғанын еске салды. Осыған байланысты былтыр Veolia, Suez және Aqualia секілді ірі халықаралық операторлармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.
«Бұл формат активтерді беру емес, мемлекет бақылауын сақтай отырып, басқарушылық құзыреттер мен халықаралық үздік тәжірибені тартуға бағытталған», – деді Қуандық Қажкенов.
Қазіргі уақытта бірқатар азиялық компаниялармен келіссөздер жалғасып жатыр.





