Қазақстанда білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау аясында 500 мектепті қамтитын пилоттық жоба іске қосылды.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген кешенді жоспар шеңберінде жүзеге асырылады.
Үш оқу жылына арналған бастамаға 500 мектеп қатысады. Олардың қатарында 100 «Келешек мектебі», 150 ауыл және қала мектебі, сондай-ақ 250 шағын жинақты мектеп бар.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жоба білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудан бастап, мұғалімдерді цифрлық құралдар мен жасанды интеллект негізіндегі көмекшілерді пайдалануға үйретуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Қазіргі уақытқа дейін 350 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Жоба аясында жасанды интеллект негізіндегі дербестендірілген оқыту жүйелері де енгізіледі. Министрлік балалардың жеке деректерін қорғауға ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта арнайы бұйрық әзірленіп, жауапты тұлғалар белгіленбек.
Кешенді жоспар 2026–2029 жылдарға арналған. Ал пилоттық кезең 2026-2027 жылдары іске асырылады. Сонымен қатар министр қағаз оқулықтарды планшеттермен алмастыру мәселесі әзірге талқылану сатысында екенін айтты.





