Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ел экономикасындағы инвестициялық саясаттың ықпалы

Ел экономикасындағы инвестициялық саясаттың ықпалы

Тәуелсіздік жариялаған жылдары еліміздің алдында экономиканы дағдарыстан шығару міндеті шешуші басылымдыққа айналды. Онсыз өркениет жолына түсу мүмкін емес еді. Экономикалық модернизацияны Қазақстан Кеңес Одағы күйреуінен басталған терең экономикалық дағдарысты жеңуден бастады десек қателеспейміз. Ал, экономиканы дағдарыстан құтқару үшін және дамуының басты факторы ретінде қаражат табу прпоблемасы тұрды. Себебі елдің ішкі ресурстары экономиканы қайта құруды қаржыландыру, сондай-ақ әлеуметтік қорғаудың өз деңгейінде болуы үшін жеткіліксіз еді. Ішкі инвестициялық ресурстардың жеткіліксіздігінен сыртқы, шетелдік инвестицияларды тарту стратегиялық мәселеге айналды.

Елдің нарықтық экономикасының негізін қалау егемендік алған жылдары өзінің тұрақсыздығын танытты. Ол кезде бүгінгідей инвестициялық қор мен оған басшылық жасау алдағы жоспардың еншісіндегі елес қана болатын. 1990 жылдар ортасында елдегі инвестициялық ахуал әлемдегі жоғары дамыған елдердің инвестор өкілдерімен тығыз байланысты бастады. Қазақстандағы өндіріс орындары, кәсіпорындар мен шағын цехтар, жекелеген арнайы қызмет көрсету орындары  жұмыс күшін сақтауда  әлсіздік танытып, тауар қатынасын дамыту ісінде қаржы тапшылығына ұшырады. Нәтижесінде нарықтық қатынастардың басты проблемасы – жұмыссыздық ахуалы  шиеленісті. Дағдарыстан шығып, жұмыссыздықты тежеу үшін өзге де туындаған проблемалардың алдын – алу мақсатында, сондай – ақ қалыптасып, жаңадан бой түзеп келе жатқан мемлекетте қайшылықтар мен әлеуметтік катаклизмаларға қарсы негізгі амортизаторлық күш ел экономикасына инвестиция тарту болып табылды. Қазақстан өзінің инвестициялық саясатында өркениетті елдердің тәжірибесінен дұрыс сабақ ала білген, ғылыми тұжырымдалған бағдарламамен жұмыс істей білді. Қазақстан инвесторларға неғұрлым қолайлы жағдай жасау принципін ұстанды. Республика үкіметі елді жылдар бойғы жинаған тәжірибелерінен сабақ алған, халықаралық дәрежеде инвестиция саласында әріптес мемлекет ретінде инвесторларға ыңғайлы заңдар мен нормативті актілері бар және екі жақты тең дәрежеде пайдасын көздеген мемлекет ретінде таныта алды.

Алғашқы инвестициялық жобалар Қазақстан экономикасына 1992 жылдан бастап ене бастады.[1]  Бұл жағдай негізінде елде экспрорттық кредиттер негізінде қалыптасты. Халықаралық валюта қоры бойынша өзге мемлекеттер мен байланыс орнап, қаржыландыру көздері ашылды. Сондай – ақ Қазақстан инвестициялық қайта жабдықтау, Даму банкі, Азиялық даму банкі, Жапонияның Эксим банктерімен және өзге де қаржыландыру көздерімен тығыз байланыс орната алды.

Инвесторларды ел экономикасына араластырудағы басты мақсат –тезірек дағдарыстан шығу үшін көмірсутекті шикізат өндіруді көбейту болды. Мұнай, газ өндірісін жолға қойғаннан кейін екінші кезекте инвестицияларды даяр тауарлар өндіруге немесе индустриялдық – инновациялық санаға қарай бұру көзделді. Дағдарыстан шығу және индустриялдық өндірісті қалпына келтіру халықтың материалдық әл- ауқатын көтеретіні сөзсіз болатын.

Қазақстан Республикасының инвестициялар тарту туралы заңының 3 тарауы 11 бабында: «Инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты экономикалық даму үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасау және осы заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндірістер құруға, жұмыс орындарын ашуға, сондай – ақ  қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру болып табылады»- делінген.[2] Сондықтан елдің шаруашылығына инвесторларды көптеп тарту – экономикалық реформалардың ең бір өзекті бағыты болып саналады. Инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін «Инвестициялық қызмет туралы», «Шетелдік инвестиция туралы» заңдар жарық көрді Осы заңдар инвестициялық саясатты тиімді жүргізудің құқықтық негізіне айналды. Инвестициялық үрдістердің толастамауына елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім ахуалының позитивті әсері болғаны анық. Шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасында өздерінің қаржыларына қауіп жоқ екендігіне сенімді болды.

Инвесторларды көптеп тарту тоқтап қалған өндіріс орындарынан өнім шығару, игерілмей жатқан ресурстарды игеру, республика бойынша құрылыс орындарын жандандыру, отандық фирмалар мен отандық инвесторларды қалыптастыру, жұмыссыздық проблемасын жою, халықтың күн көріс деңгейін жоғарылатып, әлеуметтік сфераны модернизациялауға мүмкіндік туғызатын еді.

Шетел инвестицияларының Қазақстанға алғашқы келеген инвестициялық түсімдері 1993 жылдан бастау алады. 1993 жылы 1.2 милиард АҚШ  доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция пайдаланды.[3] 1993-1996 жылдарды қоса алғанда 3.7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция игерілді.[4]

Инвестор атанған мемлекеттердің алғашқылары болып Қазақстан экономикасына араласқан мемлекеттердің бірі – Түркия. Бұл ел өзіндік құны бар, Қазақстанға қажетті мардымды істер атқаруда . Түркия мемлекеттік сыртқы басқармасының мәліметі бойынша 1997 жылдың өзінде  200- ден астам түрік фирмалары жалпы сомасы 2 миллиард доллар болатын 40 экономикалық жобаны жүзеге асыру үшін жұмыстар жүргізген.[5]

Келіп жатқан инвесторлардың басым бөлігі табиғи ресурстарды игеруге және құрылыс кешеніне жұмсалуда. Дамушы мемлекет ретінде Қазақстан үшін экономикалық мүмкіндіктерге орай табиғи ресурстарды жер қойнауынан шығарып, өндіріп қана емес, әлемдік рынокқа шығарып, жоғары өтімді бағамен сату міндет болып табылды. Сарапшы мамандардың есептеуінше жер қойнауындағы минералды шикізаттардың көлемі 8.7 триллион деп бағаланды. Осыған орай өндіріс орындарын толық жабдықтап, дамытумен қатар, құрылыс кешенін игеру, отандық тауар өндіру, отандық инвесторларды қалыптастыру мәселесін шешу тұрды. Себебі Қазақстан шетел инвестицияларына толық тәуелді болып қала беруі қауіпті. Онда ел толық экономикалық тәуелсіздікке жете алмайды. Минералдық ресурстарға бай елдің халқының әл-ауқатын кешенді жақсарту мәселесі шешілмейді. Қазақстан үкіметі үшін ең бастысы мүмкіндігі мол, минералды ресурстарға бай халықтың материалдық жағдайын жақсарту.

Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция салуына елдердің бірі Швеция. Бүгіңде қазақ-швед қатынасының берік орнауын «Қазақстанның шикізаты, шведтің технологиясы» сөзінен байқауға болады. Швеция мемлекеті әлемнің түкпір – түкпірінен орын алып, өнім өндіруде үлкен жетістіктерге жетуде. Шведтер өз құқықтарын жергілікті халық мүддесімен тең дәрежеде қорғайды. Жаңа технологияны қажет тұтатын Қазақстан швед инвесторлары үшін мол мүмкіндіктер жасап, екі жақты бірлескен түрде әріптестік жұмыстар жүргізуде.

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің ақпарлары бойынша 1996 жылдың аяқ шеніне таман Қазақстан Республикасы шетелдік тікелей инвестиция көрсеткіші жағынан бұрынғы социалистік лагерге  кірген мемлекеттер арасында 4-ші, ал ТМД елдері арасында 1-ші орынға шықты. Басқаша айтқанда, Қазақстан экономикасын жандандыруға шетелден жан басына шаққанда орта есеппен 165 доллар келіп, іске қосылған еді. Бұрынғы шетелдік социалистік мемлекеттердің ішінен алдымызға шығып кеткендері – Венгрия (жан басына шаққанда 1041 доллар, халқының саны 10 миллионнан астам ), Чехия (563 доллар, халқы 35 миллионнан астам). Ал ТМД елдерінен 2-ші орынды иемденген Әзербайжан (133 доллар, халқы 7.5 миллион), 3-ші орындағы Ресей (33 доллар, халқы 140 миллион) көрсетті.[6] Инвесторларға әртүрлі жеңілдіктерді қарастырған Қазақстан Қытайдың, Жапонияның, АҚШ-тың, Германияның, Оңтүстік Кореяның және басқа да бірқатар елдердің инвесторларымен  бірлесіп жұмыс атқарып, жаңа экономикалық әріптестік белесіне енуде. Жыл санап инвестицияның қыр-сырын меңгеріп келе жатқан Қазақстан үшін экономиканы жетілдіру жолында оны тиімді де ұтымды тұстарына пайдалану өзекті істердің бірі болып табылады. Сондықтанда ел президенті Н.Ә. Назарбаев халыққа кезекті жолдауында «Қазақстан шетел капиталынсыз, технологиясынсыз және тәжірибесінсіз жедел экономикалық өрлеу мен жаңаруға қалай қол жеткізетінін көз алдымызға елестету қиын» деген сөзін атап өткен жөн.

Қазіргі кезде әлемдік инвестициялық тәжірибесі мол болып саналатын Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань және өзге де бірқатар мемлекеттер инвестицияның нәтижесінде экономикалық даму жолына нақты түсе алды. Оңтүстік Шығыс Азия елдері сол кездерде жылдық өсімі орта есеппен 25 пайызға көтерілген. Қытайдың жылдық экономикалық өсуін 1978-1986 жылдар аралығында 10 пайыздан 35 пайызға, Оңтүстік Корея 1983-1993 жылдары өзінің жалпы ішкі өнімін 30 пайызға дейін жоғарылата білді. Табыстың түп негізі инвестицияны нақты тетіктерге, өз бағытында жұмсай білгеннің нәтижесі.

Қазақстанның инвестициялық ыңғайлығын және инвесторларға оңды көзқараспен қарауына орай, шетелден келген инвесторлардың негізгі толқыны  мұнай және газ өндіру салаларына бағытталып отыр. Бұрынғы КСРО-ның мұнай, газ өндіруші республикаларының ішінде мұнайдан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынды иемденеді. Мысалы, оның жалғыз 1998 жылғы өндірген өнімі Әзербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан үшеуінің өнімін қосқандағы көрсеткішпен тең.[7]

«Қазақстан-2030» даму стратегиялық бағдарламасында: «Біздің инвестициялық ахуалымыз неғұрлым қолайлы, ал қазақстанға тартылған шетел инвестицияларының көлемі мен сапасы бойынша басты орынға  шығуы үшін  бізге саяси ерік-жігер мен нақты іс-қимыл қажет. Әлемге әйгілі инвесторларды мүмкіндігінше көптеп тарту бізге қажетті тетіктерді пайдалануда асқан шеберлік танытуға және отадық инвесторларды қалыптастыруға  тиіспіз». [8]   Демек, шетел инвесторларының капиталын пайдалануда біз тек ресурстарды немесе өзге де игерілмеген  сала тетіктерін пайдаланып қана қоймай, сонымен қатар өндіріс көлемдерін өсіру, шығындарды азайту, өнім сапасын арттыру, жаңа негіздегі  технологияларды меңгеру, жұмыссыздықты жою сияқты мәселелерді толық қамтуымыз абзал тірлік.

2000 жылдан бері шетел инвесторлары капитал көздері ретінде өздерінің салымдық жобаларын енгізе отырып, бой көтере алмаған Қазақстандық аймақтардың көп салаларын қамтып, кейінгі кезекте қорытынды жұмыстар жасауға мүмкіндік берді. Ал, 2001 жылғы статистикалық мәліметтерге орай Қазақстанда негізгі капиталға инвестиция қосымша бағалануды есепке алғанда 775.7 миллиард теңге болса, бұл көрсеткіш 2000 жылға қарағанда 21 пайызға артқан.[9]

2001, 2002, 2003 жылдардағы инвестициялық тартылымдар құрылыс кешеніне жаппай бағытталды. Бір ғана Астана құрылысына 2001 жылы 792 миллион долларды, ал мұндаға дейін қала экономикасына құйылған инвестиция көлемі 2.5 миллиард АҚШ долларын құраған.[10]

2004 жылдың өзінде Қазақстан экономикасына 8.4 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде тікелей шетелдік инвестициялар алынған. Осы тұрғыда ел Президенті инвестициялық ахуалымызды және оның ел игілігіне, әлеуметтік мүддесіне жұмисалуы жөнінде: «Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі мемлекеттің және сіздер мен біздің күш салуымыздың нәтижесінде Қазақстанға тартылып отырған шетелдік инвестицияның көлемі өтпелі экономикадағы бірі болып отыр. 1993 жылдан бастап ел экономикасында 25.8 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды»- делінген болатын.[11]

Қазақстанда инвестиция тарту ісі жылдан-жылға көбейіп келеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығына қатысты 14 келісім-шарт жасалып, 27 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы игеріліп, 1.6 мың жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ Қазақстан өзінің белсенді инвестициялық саясатының арқасында әлемдік интеграцияда жыл өткен сайын беделі артып келеді. Мысалы, 2001 жылы шетелдік инвесторлармен 16 келісім-шарт жасасып, 817 миллион АҚШ доллары көлеміндегі капитал ел экономикасына тартылған. Ал, 1997-2001 жылдар аралығында инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде келісім-шарт бойынша 40 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Мұның өзі жұмыссыздықтың тежелуіне және Қазақстандықтардың материалдық әл-ауқатының артуына қосылған елеулі үлес болды деуге негіз бар. 1168.5 мың АҚШ долларының өнімі өндіріліп, оның ішінде 113.7 миллион долларының өнімі экспортталды.[12]

Соңғы мәліметтер бойынша 1993 жылдан қазіргі күнге дейін елімізге тікелей инвестициялар көлемі шамамен  40 миллиард долларды құрады. Инвестициялық саясат тек қана мұнай-газ кешенін дамытып қана қойған жоқ. Ол экономикасы толыққанды модернизациялану жолына түсті. Соның арқасында Қазақстанның соңғы бес жылдағы жиынтығы ішкі жалпы өнімнің өсуі 50 пайыздан асып түсті. 2004 жылдың қорытындылары бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 10 миллиардтан асып, 1 триллион 530 миллиард теңгені құрады. Шетелдік инвестициялар көлемі 1998 жылғыдан 6 есе дерлік, ал 1993 жылғы көрсеткіштен 200 есе көп дәрежеде өсті.[13]

Жоғарыда айтылған ойлармен деректерді қорытындылап сараптасақ, инвестиция саясаты өз нәтижесін 1993 жылдан бастағанын  көреміз.  ТМД-ның басқа мемлекеттерінен  өзгешелігі ел экономикасына инвестицияның аса мол көлемде  салынуы. Кейінгі жылдары  Қазақстан инвестициялық саясаттың қыр-сырын меңгере бастауға  қол жеткізе білді. Шетел инвестицияларын тартуда  1995 жылғы бірқатар нормативті актілері бар екі жақты заң жобаларын енгізу Қазақстанға инвесторлардың белсенді келуін қамтамасыз етті. Инвестициялық жобаларды ұсына отырып, Қазақстан үкіметі шетел инвестициясының технологиясын меңгерді. Бұл әрекеттер отандық инвесторлардың және ұлттық компаниялардың қалыптасуына, дамуына жол ашты. Қазақстанның әрбір облыс орталықтарында құрылыс инвестициясы жанданып, инфрақұрылымдық үлкен өзгерістер жасалды. Тау-кен өндірісін игеретін кәсіпорындар ашылып, іске қосылды. Мұнай және газ салаларының дамуы елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейітті. Табиғи ресурстарды игерудің өзге де салалары жанданды. Дамыған елдермен бірігіп экономикалық жаңа жоба үлгілерін жүзеге асыру жұмыстары  жолға қойылды. Жұмыссыздықты жоюға үлкен қадамдар жасалды. Жалпы ішкі өнім жыл санап өсті. Ұлттық қорымыз ұлғайды. Ұлттық валюта дүние жүзілік қаржы рыногында нақты ойыншыға айналды. Қазақстанның алтын қоры өсті. Халықтың тұрмыс деңгейі мен күн көрісі  жоғарылады.

Сайып келгенде, Қазақстанда ішкі және шетел инвестицияларын өндірісті дамытуға икемді пайдалану үшін жеткілікті жағдай жасалуда.  Мемлекеттің инвестициялық саясатының негізі қаланып, әлемнің озық үлгідегі  мемлекеттерімен тең дәрежеде саясат жүргізуге қадам жасалды. Әлеуметтік сферада экономика  мүмкіндіктері түрлі әлеуметтік салаларының тетіктерін жұмысқа қосты. Шетелдік инвесторлар мүдделері отандық инвесторлармен тең дәрежеде заң жүзінде қорғалды. Мемлекет экономикалық жетістіктерге жетіп, халықтың тұрмыс дәрежесі жоғарылап дамыды. Соның нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің өсуі  әлеуметтік қамсыздандыру жолға қойылды.  Жаңаша тұрпаттағы инвестициялық саясат теориясы мен технологиясы қалыптасты. Жаңа кадрлар  дайындалып, олар әрбір жекелеген салалардың бой көтеруіне, құрылыс жобаларының  жандануына жаңа бағытта жол ашты. Сондықтан Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салаларының модернизациялануы жаңа тұрпаттағы инвестициялық саясат арқасында болды деуге қақымыз бар.

                                                Әдебиеттер:

  1. Кекілбайұлы Ә. Жабыла іске жұмылсақ жағдай тез жақсарады // Ақиқат. №2. 5 б.
  2. Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы үкіметі актілер жинағы. 1998. 30 қыркүйек. 1 б.
  3. Назарбаев Н. Кемел келешек көкжиегі // Егемен Қазақстан. 2004. 5 қараша. 1 б.
  4. Сейфолла Ш. Оныншы жылдың орны ерекше немесе өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындыларына көз жүгірту // Егемен Қазақстан. 2002. 5 ақпан. 1 б.
  5. Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін. // Егемен Қазақстан. 2004. 19 наурыз. 10 б.
  6. Назарбаев Н. Маңызды бағдарламалар жүзеге асуы тиіс // Дала мен қала. 2005. 17 шілде. 4 б.
  7. Тәжуітов А. Қазақстандағыдай жағдайды инвесторларға ешкім де жасамайды // Жас Алаш. 1998. 20 қаңтар. 2 б.
  8. Қазақстан-2030. А., 1998. 23 б.
  9. 2001 жылғы инвестиция 21 пайызға артты // Ресми газет. 2002. 19 қаңтар. 1 б.
  10. Садуақасов А. Дамудың бір кепілі – инвестиция // Дала мен қала. 2004. 27 шілде. 2 б.
  11. Инвестиция игергенге игілік // Егемен Қазақстан. 2004. 11 желтоқсан. 2 б.
  12. Самат Мұса. Қазақстандағы ахуал қаржы салуға қолайлы // Егемен Қазақстан. 2002. 6 шілде. 2 б.
  13. Инвестиционная деятельность в республике Казахстан // INVEST KAZAKHSTAN. Редакционный обзор. 2003. №4. 65 стр.

Похожие материалы