Жаңалықтар
AFSA реттеушілік төлемдерді стейблкоиндарда қабылдаудың пилоттық жобасын іске қосты

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) қатысушылардың, сондай-ақ лицензиялау немесе тіркеуге өтінім берушілердің реттеушілік алымдарды АҚШ долларына байланған стейблкоиндарды пайдалана отырып төлеу тетігін енгізу жөніндегі бастаманы іске қосты.
Жоба ресми түрде Astana Finance Days 2025 аясында таныстырылды.
Bybit Limited компаниясы Көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумға (MMoU) алғашқы қол қоюшы болды. Меморандумға AFSA бас директоры Евгения Богданова мен Bybit бас операциялық директоры Мазурка Зенг қол қойды.
Жоба аясында цифрлық активтер қызметінің провайдерлері (ЦАҚП), яғни AFSA-дан цифрлық активтерге қатысты төлем қызметтерін көрсетуге және цифрлық активтер платформаларын басқаруға лицензия алған ұйымдар бастамаға Провайдер ретінде қосыла алады. Олар стейблкоиндармен AFSA-ға реттеушілік алым төлеуге ниетті төлеушілердің агенті ретінде әрекет етіп, төлем тапсырмасын орындауды және оның эквивалентін фиат валютасында AFSA-ның банктік шотына аударуды қамтамасыз етеді.
Жобаға қатысу үшін Провайдерлер AFSA-мен Өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумға (MMoU) қол қоюы және белгіленген іріктеу критерийлеріне сәйкес болуы тиіс. MMoU-ға қол қойылғаннан кейін Провайдерлердің атаулары AFSA-ның ресми сайтында жарияланады.
«Бұл бастама аймақта алғаш рет стейблкоиндардағы төлемдер үшін реттеушілік негіз қалыптастырады. Ол Қазақстанның «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық қаржы мен инновациялар хабы ретінде дамуға ұмтылысын және осы саладағы әлемдік үрдістерге ілесуін көрсетеді», дейді AFSA бас директоры Евгения Богданова.Айта кетейік, соңғы жылдары цифрлық активтер экожүйесінде стейблкоиндардың рөлі айтарлықтай артты. CoinDesk деректеріне сәйкес, олардың нарықтық капитализациясы 2025 жылғы маусым айының ортасында рекордтық 251,7 млрд АҚШ долларына жетті. Фиат валютасымен қамтамасыз етілген стейблкоиндар әлі де нарықтағы үлестің және сауда көлемінің басым бөлігін құрап отыр.
«Bybit Kazakhstan елдің қаржылық инновациялар жүрегінде – «Астана» халықаралық қаржы орталығында төлем экожүйесін дамытуға өз үлесін қосып отырғанын мақтан тұтады. Біз реттеушілік талаптарды сақтап, цифрлық активтермен жұмыс істеуге сенімді әрі ыңғайлы шешімдер ұсынамыз. AFSA-мен бірге ортақ көзқарасымыз – кәсіпкерлерге, тұтынушыларға және бизнеске стейблкоиндар негізіндегі төлем шешімдерінің революциясы ашатын трансшекаралық мүмкіндіктерге жол ашу», – дейді Bybit компаниясының бас операциялық директоры Мазурка Зенг.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 85 елден 4000-нан аса қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.