Мемлекет басшысына биылғы он айдағы аграрлық сала дамуының қорытындылары туралы баяндалды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады:
-
Өнім өндіру 8,2 трлн теңгеге жетіп, 5,4% өсті,
-
Азық-түлік өндірісі 3,1 трлн теңге болып, 9% ұлғайды,
-
Агросектор тауарларының экспорты 4,7 млрд долларға дейін жетті.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында соңғы екі жылда айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін 5%-дық несие беру шаралары іске асырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды, оның 250 млрд теңгесі жеңілдетілген лизингке бағытталды. Биыл 25 мыңнан астам техника сатып алынған, нәтижесінде машина-трактор паркі тозу көрсеткіші 90%-дан 70%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді, ал саланы цифрландыру аясында «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесі құрылуда. Бұл платформа субсидия, жерді басқару, егін, мал және балық шаруашылықтары бойынша қызметтерді, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіреді.
Кездесу соңында Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында саланы одан әрі дамыту, тиімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша тапсырмалар берді.





