Air Astana әуе компаниясының бұрынғы бас атқарушы директоры Питер Фостер жаңа қызметке кірісті.
Ол Alatau Air Cargo жүк авиакомпаниясының директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде қосылды.
Бұған дейін KTZ Air Cargo атауымен жұмыс істеген компания 2026 жылғы мамыр айында ауқымды қайта құрылымдау жүргізіп, Alatau Air Cargo болып қайта аталды. Өзгерістер аясында компанияның атауы ғана емес, жарғысы мен заңды мекенжайы да жаңартылып, ұйым Астанадан Қарағанды облысына көшірілді.
Акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен бұрынғы директорлар кеңесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, басқару құрамы толық жаңартылды.
Жаңартылған директорлар кеңесін кәсіпкер Тимур Турлов басқарады. Кеңес құрамына Питер Фостермен қатар Ерлан Қойшыбаев, Сергей Швалов, Айбек Қапар және тәуелсіз директор Сергей Анашкин енді.
Питер Фостер 2026 жылғы 31 наурызда Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры қызметінен кеткен болатын. Оның орнына Ибрахим Жанлыел тағайындалды. Сонымен қатар Фостер компания құрылымында аға кеңесші ретінде қызметін жалғастырып келеді.
Ол Air Astana компаниясын 21 жыл басқарды. Осы кезеңде әуе тасымалдаушы Қазақстандағы жетекші авиациялық компаниялардың біріне айналып, халықаралық бағыттар желісін кеңейтті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Air Astana қызметіне қатысты қоғамдық және парламенттік деңгейде бірқатар сын айтылған болатын. Депутаттар билет бағасының қымбаттауы, рейстердің кешігуі және овербукинг тәжірибесіне байланысты компания жұмысына бірнеше рет назар аударған.
Сарапшылардың пікірінше, Питер Фостердің Alatau Air Cargo директорлар кеңесіне келуі компанияның корпоративтік басқару жүйесін күшейтіп, жүк авиациясы нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етуі мүмкін.





