Бұл ұсынысты парламентте сенатор әрі бұрынғы ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтты.
Сенатор Марат Қожаев өзінің депутаттық сауалында айыппұл арқылы ережені қайта бұзумен күрес мүмкін еместігін айта келіп, соңғы кезде жол жүрісі қағидаларының бұзылуы көбейе түскеніне тоқталды.
«Техникалық құралдар Жол жүрісі қағидаларын бұзудың негізгі бөлігін автоматты түрде тіркейді, қазіргі кезде ол ережені бұзудың саны 3 708 084 болып отыр. Ережені жүйелі түрде бұзудың алдын алуға қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесі мүмкіндік бермейді. Өйткені техникалық құралдар автоматты түрде тіркеген жүргізушіні ережені қайта бұзғаны үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Себебі, көлік құралының иесіне ереже бұзудың тарихы ескерілмей айыппұл жазылады. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзушыларға Жол жүрісі қағидалары бойынша емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Сонымен қатар, техникалық құралдар ережені бұзу дерегін ғана тіркейді, бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті сенатор.
Сенатор сондай-ақ кейбір жоғары төлем төлеуге қабілетті жүргізушілер айыппұлды жауапкершіліктен қашудың әдетке айналған тетігі ретінде түсінуіне алаңдаушылық білдірді. Алматыда көлік құралының бір жүргізушісі бір жылда үш миллион теңгеден астам сома айыппұл төлеп, 143 бұзушылық жасаған жағдай тіркелген көрінеді.
«Әсіресе техникалық құралдар тіркеген ереже бұзу дерегі бойынша жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарауды ұсынамыз. ӘҚБтК-дегі өзгерістерде техникалық құралдар тіркеген 10 және одан да көп бұзушылығы бар жүргізушілерді Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді міндетті ету маңызды. Жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін камералармен тіркелген жол қозғалысы ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Заң талабын бұзушыларға белгілі бір кезеңдегі тәртіп бұзу санын ескеретін сараланған жаза тетігін әзірлеу және ережені жүйелі түрде бұзушыларға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау маңызды», – деді депутат.
Сенатор алдын алу жұмысын күшейту үшін мұндай жүргізушілерді сынақты қайта тапсыруға жіберуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды.