
Дональд Трамп билікке екінші рет келген соң, АҚШ-ты криптовалюта саласындағы әлемдік көшбасшыға айналдыруды мақсат етті.
Сол уәдесін орындау бағытында Конгресс криптовалюта мен стейблкоиндерді заңдастыратын тарихи заңдар топтамасын қабылдады, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Енді криптовалюталар АҚШ-та қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналады. Қабылданған заңдардың ішіндегі ең негізгілерінің бірі — GENIUS Act, яғни стейблкоиндерге арналған федералдық реттеуді іске қосатын алғашқы заң. Ол цифрлық активтердің 100% өтімді резервтермен қамтамасыз етілуін және ай сайынғы есеп беруді талап етеді.
Жаңа заң бойынша АҚШ Орталық банкіне (Federal Reserve) цифрлық доллар шығаруына тыйым салынды. Ал Facebook, Amazon, Google сияқты ірі технологиялық компаниялар өз стейблкоиндерін шығаруға мүмкіндік алды. Бұл шешім АҚШ азаматтарын "Үлкен ағайдың" бақылауынан қорғау ретінде түсіндірілсе де, сыншылар бұл жеке сектордың пайдасын көздейтін әрекет деп санайды.
Жаңа ережелер криптовалютаны заңдастыру арқылы қаржыға қолжетімділікті арттырып, транзакцияларды арзандатуы мүмкін. Алайда сарапшылар оның салдарына алаңдаулы. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өсіп, облигация нарығы тұрақсыз күйде тұрғанда, стейблкоиндердің базасы ретінде сол облигацияларға сену – қауіпті қадам болуы мүмкін.
Кейбір сарапшылар заңдардың асығыс қабылданғанын және криптоиндустрия мен дәстүрлі қаржы жүйесінің арасында қауіпті байланыс орнап жатқанын ескертеді. Сонымен қатар, қаржы анонимдігіне де қауіп төнуі мүмкін — себебі блокчейн технологиясы арқылы әрбір транзакцияның ізін бақылауға болады.
Трамп әкімшілігі криптовалюта саласын заңдастыру арқылы елдің технологиялық және қаржылық көшбасшылығын нығайтуды көздеп отыр. Алайда жаңа ережелердің ұзақ мерзімді салдары мен тәуекелдері әлі де талқылауды қажет етеді.