Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алатау ауданындағы жолдарды жөндеу жұмыстары сапа бақылауымен жүргізілуде

Алатау ауданындағы жолдарды жөндеу жұмыстары сапа бақылауымен жүргізілуде
Алматы қаласының Алатау ауданында көше-жол желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жөндеу жұмыстары Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мердігер ұйым – «Каз Снаб Строй Сервис» ЖШС.

Жол жөндеу жұмыстары барысында жол құрылысы материалдарының сапасы мен төсеу технологиялары тұрақты бақылауда. Жұмыстардың белгіленген талаптар мен нормативтерге сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалының мамандары нысандарға шығып, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқан Наурыз көшесінің 1, 2, 3 учаскелерінде, сондай-ақ Егемен, Бабыр, Әулиеағаш, Өтемісұлы және Бірлік көшелерінде жол жабынына сараптама жасалып, керн үлгілері алынды. Зертханалық сынақтар арқылы асфальт-бетон қабатының қалыңдығы, тығыздығы және сапалық көрсеткіштері тексерілуде.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының инженері Мейіржан Мырзахметтің айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады.
«Біздің мамандар жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарда жол-құрылыс материалдарының сапасын, асфальт-бетон қоспасының талаптарға сәйкестігін және жол төсеу технологияларының сақталуын тұрақты түрде қадағалайды. Сонымен қатар жол жабынынан алынған керн үлгілері зертханалық сынақтан өткізіліп, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігі анықталады. Бұл жұмыстар жолдардың ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді Мейіржан Мырзахмет.

Мамандардың айтуынша, сапаны бақылау жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қаланың жол инфрақұрылымының сапасын арттырып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар