Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Alatau City Үкіметке тікелей бағынбайды – Бектенов

Alatau City Үкіметке тікелей бағынбайды – Бектенов

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Alatau қаласына айрықша мәртебе беру туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын қазіргі заңнама шеңберінде орындау мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Бұл туралы Үкімет басшысы Мәжіліс депутатының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада қала әкімшілігінің Үкіметке тікелей бағыныштылығы қарастырылмаған.

«Қазіргі кезеңде қолданыстағы заңнама шеңберінде қаланың Үкіметке тікелей бағыну мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты Жарлық шеңберінде стратегиялық шешімдер қабылдайтын Алатау қаласын дамыту мәселесі бойынша кеңес және операциялық қызметке жауапты “Alatau City Authority” мемлекеттік қорын құру көзделген», – деді Бектенов.

Алдағы уақытта қалаға арнайы мәртебе беру үшін жеке заң жобасы әзірленбек. Ол заң цифрлық активтер айналымын реттеу, халықаралық стандарттар бойынша құрылыс жүргізу, технологиялық инновациялар мен жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ "Alatau" арнайы экономикалық аймағының жұмысын заң жүзінде нақтылауды көздейді.

Сонымен қатар Премьер-министр қала құрылғаннан бері мемлекет мұқтажы үшін 593 гектар жер учаскесі алынғанын, ал жыл соңына дейін тағы 2,4 мың гектарға жуық жер телімін алу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Қорытындылай келе, Үкімет қазіргі заңнамаға сай Alatau City жобасын жаңа басқару құрылымы арқылы дамытпақ. Бұл қадам қаланы инновациялық, цифрлық және технологиялық хабқа айналдыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар