Алатау қаласында ұшқышсыз аэротакси сынақ режимінде ұша бастады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жоба мамыр айында іске қосылады деп жоспарланған болатын. Қазір алғашқы сынақ ұшулары жүргізіліп жатыр.
– Кеше ұшқышсыз әуе таксиі сынақ режимінде ұша бастады. Алғашқы ұшулар жүзеге асырылып жатыр, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Әзірге аэротаксидің нақты бағасы белгісіз. Министр мұндай қызметтің әлем үшін жаңа өнім екенін айтып, оның құнын есептеу әлі ерте екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта аппарат 2-4 жолаушыны тасымалдап, сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар қону алаңдары салынып, қажетті құрылғылар сатып алынуда.
– Бізге нормативтік-құқықтық актілерді Парламентке енгізу тапсырылды. Депутаттар бұл бастаманы қолдайды деп сенеміз, – деді министр.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың мәліметінше, аэротакси қытайлық AutoFlight компаниясы шығарған. Аппараттың ұшу радиусы 250 шақырымды, ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ брифинг барысында журналистер министрден елордадағы LRT жүйесіне мінген- мінбегенін сұрады. Нұрлан Сауранбаев әзірге жолаушы ретінде мініп үлгермегенін айтты.





