Россельхознадзор ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетіне 7 қазанынан бастап жаңа піскен бақша дақылдарына фитосанитариялық сертификаттарды беруді тоқтатуды сұрады.
Россельхознадзордың хабарлауынша, шешім Ресейге жеткізілетін қазақстандық қауындарда карантиндік нысан – қауын шыбынының өткен және биыл бірнеше рет анықталғанына байланысты және фитосанитариялық жағдайды сақтау мақсатында қабылданған. Қауын шыбыны ЕАЭО елдері үшін карантиндік нысан болып табылады, сонымен қатар қарбыз, қияр, асқабақ және басқа да дақылдарды зақымдайды.
«Қауын шыбынының енуі мен таралуының ықтимал экономикалық шығыны 250 миллион рубльді құрауы мүмкін», - дейді Россельхознадзор.
Қазақстан тарапы фитосанитариялық сертификат беруді тоқтатса, Ресейге бақша дақылдарын жеткізу тоқтайды.
Статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстаннан Ресей Федерациясына карантиндік реттелетін өнімдердің импорты айтарлықтай өсті, олардың көпшілігі жемістер мен көкөністер. Бұл ретте жалпы көлемнің 17%-дан астамы жаңа піскен қауын-қарбыз. Оларды сертификаттауды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жүргізеді.