Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алименттен жалтарған такси жүргізушілері енді оңай анықталады

Алименттен жалтарған такси жүргізушілері енді оңай анықталады

Алматы қалалық прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan алимент төлеуден жалтарудың алдын алу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа қала прокуроры Серік Кәріпбеков пен Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов қол қойды.

Келісім аясында тараптар заңды негізде ақпарат алмасып, жүргізушілердің табысы туралы деректерді жедел бөліседі. Бұл табысты жасыру, алимент берешегінің жиналуын анықтау және алдын алу үшін қолданылмақ.

Серік Кәріпбековтің айтуынша, алимент төлеуден жалтарып жүрген кейбір азаматтар ресми түрде жұмыссыз болып көрінгенімен, цифрлық платформалар, соның ішінде «Яндекс.Такси» арқылы табыс табуы мүмкін.

Прокуратура мәліметінше, өткен жылы Алматыда осындай 110 жағдай анықталып, 57 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тағы 10 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Yandex Қазақстан нарығында 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Компания жолаушылар тасымалы сегментінде 2020 жылдан бастап жетекші позицияға шыққан. 2023 жылдың желтоқсанында Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі тексеріс жүргізіп, «Яндекс.Таксиді» әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Осыдан кейін компания Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына 3 млрд теңге аударды.

Ұқсас материалдар