Алматы бюджеті «Қайрат» пен «Реалдың» ойыны арқылы 2-3 млрд теңге табыс таппақ

Ертең, 30 қыркүйек күні өтетін «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» Чемпиондар лигасындағы ойыны Алматы қаласына 2-3 миллиард теңге шамасында табыс әкеледі.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, матчтың барлық билеті сатылып кеткен, әрі қалаға 4 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар.
«Жоспар бойынша, бюджетке шамамен 2–3 миллиард теңге пайда түседі деп болжанып отыр», – деді Н. Қарипбаев.
Бүгін түнде «Реал Мадридтің» жұлдызды ойыншылары Алматыға ұшып келді. Команда «Intercontinental Almaty» қонақ үйіне орналасты. Кейбір бейресми дереккөздерге сүйенсек, қонақ үй толықтай брондалған.
«Қайрат» пен «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің 2-тур ойыны 30 қыркүйек күні Алматыда өтеді.