Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматы мен Астанадан Ыстықкөлге тікелей рейстер ашылды

Алматы мен Астанадан Ыстықкөлге тікелей рейстер ашылды

Жазғы туристік маусым қарсаңында қазақстандықтар үшін Ыстықкөлге жету бұрынғыдан да жеңілдей түсті.

FlyArystan әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Қырғызстанның басты курорттық аймағына тікелей рейстерді іске қосты.

Авиакомпанияның мәліметінше, Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша рейстер жаз мезгілінің соңына дейін орындалады. Ұшақтар аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері қатынайды. Ұшу ұзақтығы бір сағатқа да жетпейді. Билеттердің бастапқы бағасы бір бағытқа 34 мың теңгеден басталады. Алматыдан рейс жергілікті уақыт бойынша сағат 16:15-те ұшады.

Жолаушылар тарапынан жоғары сұранысқа байланысты FlyArystan алғаш рет Астанадан да Ыстықкөлге тікелей әуе қатынасын іске қоспақ. Бұл рейстер 3 шілдеден бастап 31 тамызға дейін орындалады. Елорда тұрғындары Қырғызстанның танымал демалыс аймағына дүйсенбі және жұма күндері тікелей ұша алады.

Жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туристік байланысты нығайтып, жазғы демалысты жоспарлаған азаматтар үшін қолайлы мүмкіндік ұсынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, тікелей рейстердің іске қосылуы Ыстықкөлге баратын туристер санын арттырып, өңірдегі туризмнің дамуына оң әсер етеді.

Айта кетейік, Ыстықкөл Орталық Азиядағы ең танымал туристік бағыттардың бірі саналады. Көлдің табиғаты, емдік климаты мен жағажай инфрақұрылымы жыл сайын мыңдаған қазақстандық туристі қызықтырады. Жаңа әуе рейстері жол уақытын қысқартып, саяхатшылар үшін сапарды анағұрлым ыңғайлы етеді.

Ұқсас материалдар