Алматы облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету мақсатында 250-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Бұл туралы Atameken Business арнасына берген сұхбатында өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, өңірде инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылған. Инвесторларды қолдау үшін арнайы дамыту орталығы жұмыс істейді. Ол жобаның бастапқы кезеңінен бастап толық сүйемелдеу көрсетеді – рұқсат құжаттарын рәсімдеуден бастап, жер бөлу және іске асыру кезеңіне дейін.
Қазіргі таңда облыстағы инвестициялық жобалар пулының жалпы көлемі 7 трлн теңгеден асады. Барлық жобалармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Өңірге қызығушылық танытып отырған отандық және шетелдік инвесторлар саны да артып келеді. Инвесторлар үшін нақты жол картасы әзірленіп, жобалар облыстық инвестициялық комиссияда қаралады.
– Өңірге келетін инвесторлармен тұрақты түрде жеке кездесулер өткізіледі. Жобалардың басым бөлігі бойынша тікелей жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





