Алматы облысында білім ұяларын соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтайтын зауыт ашылды

Соңғы жылдары елімізде салынып жатқан мектеп пен балабақша көп. Одан бөлек тұрғын үйлер алдындағы балалар алаңқайы, workout аймағы да замануи үлгіде жасақталуда.
Осындай ауқымды жұмыстарды сапалы түрде атқарып келе жатқан Unitech компаниясы Алматы облысында метал және ағаш өнімдерін дайындап, шығаратын өндіріс ошағын ашты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» бағдарламасы қабылданып, жаңа үлгіде бой көтеріп жатқан білім ұяларын отандық өндіріс өнімдерімен жабдықтау басымдыққа алынған болатын. Бүгін осы жобаны жүзеге асыру мақсатында тұсауын кескен зауыттың экономикалық әлеуеті мен мол мүмкіндігіне куә болдық. Мұндағы темірден түйін түйген, ағаштан оң ойған мамандар түрлі құрал-жабдықтың қалай құрастырылатынын да көрсетті.
Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне Unitech компаниясының өкілдері және компанияға қарасты «Нұр-Мерей-Тараз» мүгедектер қоғамдық бірлестігі қызметкерлері, БАҚ тілшілері қатысты.
Unitech компаниясының басшысы Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Unitech колмпаниясына қарасты бұл зауыт жайлы мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ете алады. «Өндірістік мекеме білім ошақтарын, балабақшаларды, сондай-ақ жұмыс кеңселерін қажетті құралдармен жабдықтайды. Атап айтқанда, әмбебап парталар, түрлі пішіндегі орындықтар мен шкафтар, металл, ағаш және пластик бұйымдар құрастырылады. Дәл сондай металл, ағаш қондырғыларынан тұратын workout аймағын, балалар алаңқайын да сапалы жасап, халықтың алғысына бөленіп келеді. Мұнымен қоса, мұнда ноутбук, компьютер, моноблок пен интерактивті панельдер құрастырылса, алдағы уақытта қазіргі нарықтағы көпфунциялы чипсіз қолданатын принтерлерді құрастырып, заманауи техниканы жинақтайтын арнайы цех ашылмақ», – деді Бауыржан Қасымұлы.
Ал зауыт басшысы Темірлан Еркінбеков: «Бір сөзбен айтқанда, Unitech зауыты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған кез келген мектепті қажетті құралдармен толыққанды жабдықтап береді. Әсіресе, физика, химия, биология пәндерінің зертханалық кабинетін жасақтап, одан бөлек спорт зал, еңбек сабағы сыныбын жиһазынан бастан, соңғы үлгідегі құралдарына дейін жеткізіп, құрастырады. Әрине, бұл болашақ ұрпақтың тек сапалы білім алуына септігін тигізетіні сөзсіз», – деді.
Сондай-ақ, зауыттың 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын жеткізген Темірлан Тұрсынғалиұлы: «Біздің ұжым осы салада кәсіби тәжірибесі мен білімі бар мамандарды топтастыра алды. Жаңадан келгендерін үйретіп, жұмыспен қамтимыз. Ең бастысы, олар – жергілікті мамандар. Метал және ағаш өнімдерін кесіп, құрастыратын конструктор, технолог, дизайнер дейсіз бе, бәрі бар. Жобалаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі циклді өздері толық атқарады. Осылайша, отандық өнім өндірушілер мектептер мен балабақшаларды, алаңқайлар мен кеңселерді отандық бұйыммен қамтамасыз етеді», – деді зауыттың түпкі мақсатын тілге тиек етіп.
Кейінгі жылдары есігін айқара ашқан мектептер көздің жауын алады. Оның ішін толық жабдықтау, зертхана кабинеттерін құралдармен қамтамасыз ету, жиһазға толтыру – Unitech компаниясының үлесінде. Болашақта компанияға тиесілі кәсіпорын қызметкерлері жұмыс ауқымын кеңейтіп, білім ұялары мен кеңселерді жабдықтаудан бөлек, ағаш, металл және пластиктен әзірленетін балалар алаңқайларын, workout алаңдарын жабдықтауға машықтана бермек.