Алматы облысында боранға байланысты Кеген – Жалаңаш тасжолы уақытша жабылады
Шектеу 0-69 шақырым аралығында енгізіледі. Шешім 2001 жылғы 17 шілдедегі №245 «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес қабылданған.
Облыстық басқарманың хабарлауынша мұндай шараға жол-климаттық жағдайдың күрт нашарлауы себеп болды. Өңірде қалың қар жауып, ауа температурасы төмендеген, боран соғып, көріну қашықтығы шектелген, қар үйінділері пайда болған және қатты жел тіркелуде. Құзырлы қызметтердің мәліметінше, қалыптасқан жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан қозғалыс көліктің барлық түрі үшін жабылады.
Шектеу 26 ақпан сағат 22:00-ден бастап күшіне енді. Жолды ашудың болжамды уақыты — 27 ақпан сағат 18:00.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Кеген ауданында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен жүр. 27 ақпанда оның Саты ауылының тұрғындарымен кездесуі жоспарланған.





