Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматы облысында қоқыс өңдейтін ірі зауыт құрылысы басталды

Алматы облысында қоқыс өңдейтін ірі зауыт құрылысы басталды

Алматы облысында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы басталды.

Жоба Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылында жүзеге асырылып жатыр. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, «ONDEU» зауыты жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптап, 14 мың тоннаға дейін қайта өңдей алады. Нысан маңындағы полигонда 40 жылдан бері жиналған қоқыс көлемі жобаның өзектілігін арттырып отыр.

Жобаның іргетасын қалау рәсімінде өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев қалдықтарды басқару мәселесіне жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті.

Кешеннің жалпы құны – 15 млрд теңге. Ол 5 гектар аумақты қамтиды және құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Қалдықтарды өңдеу Suzhou JONO компаниясының толық автоматтандырылған технологиясы арқылы жүзеге асады.

Зауытта шыны, қағаз, пластик және металл сияқты негізгі шикізат түрлері сұрыпталып алынады. Ал қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардан RDF балама отыны өндірілмек.

Сонымен қатар, пластикті терең өңдеуге арналған «Bottle to Bottle» кешенін салу көзделген. Бұл жобаға 10,5 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 3 мың тоннадан астам пластик қайта өңделеді.

Айта кетейік, бұған дейін мұндай зауыттарды Астана және Шымкент қалаларында салу жоспарланғаны хабарланған.

Ұқсас материалдар