Алматы облысындағы 14 пен 35 жас арасындағы 426 117 мың жас «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына қосыла алады. Аймақ жастарының басын қосатын жобаға өтінімдер қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасын табады. Бұл туралы арнайы өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы жастар ресурстық орталығы өкілдері айтты.
«Jasyl El» қозғалысы 2005 жылы елімізде кең қанат жайған болатын. Жасылелдіктерді жаз бойы жұмыспен қамтуға жауапты- «NS Group ltd» ЖШС. Қатарынан екі жыл жиырма жылға жуық тарихы бар ауқымды жобаға жетекшілік етеді»,-деді Алматы облысы жастар ресурстық орталығы КММ-нің директоры Мақсат Кенешов.
«NS Group ltd» ЖШС-нің өкілі, жоба жетекшісі Қуаныш Тобаяқовтың сөзіне сүйенсек, биыл еңбек жасағының жұмысы жандана түспек.
«Жасылелдіктер болып алдағы уақытта «Таза Қазақстан», «Ардагерлерді ардақтайы» сынды жобаларға ат салысатын боламыз. Бұдан бөлек, аумақты көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріп, көшет, жасыл желек отырғызу жұмыстары қарқын алады. Өткен жылы 1200 жас «Жасыл ел» қатарына қосылса, биыл 1000 мың жасты қабылдау жоспарланған»,-деді Қуаныш Қайратұлы.
Айта кету керек, кәмелет жасқа толмағандар үшін келісім-шарт өтінім берушінің ата-анасымен немесе заңды қамқоршыларымен жасалады, сонымен қатар олардың жазбаша рұқсаты керек. Еске саламыз, биыл «жасыл ел» еңбек жасағының жауынгерлері үшін айлық ақысы көтеріліп, 85 мың теңгені құрады.
«Жасыл ел» қатарында жұмыссыз, студент, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі топтардан шыққан жастар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар жұмыс істей алады. Қосымша сұрақтар мен өтінім қалдыру үшін +7 707 625 6274 байланыс нөміріне хабарласу қажет.