Еліміздің ең танымал фотографтары Кеген ауданындағы көрікті жерлерге барды
Алматы облысы, Кеген ауданында тұңғыш рет «Жерұйық көрем десең, Кегенге кел!» атты үш күндік фотосапары өтуде.
Республикалық «Фотоөнер» бірлестігі, Кеген ауданының әкімдігі ұйымдастырған фотосапардың мақсаты туризмді, өңірдің тарихи орындары мен көрікті жерлерін насихаттау үшін фотоға түсіріп, ең үздік фотоларды БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарату.
Ең үздік фотографтар мен өлкентанушылар, журналистердің сапары 20 тамыз күні Кеген ауылындағы әкімдікте аудан әкімінің м.а Кеңес Қабылбеков, сапар өтетін ауыл әкімдері, сапарға қатысушылардың кездесуінен басталды.
Үш күндік фотосапарға белгілі журналист, өлкетанушы Сағатбек Медеубекұлы жетекшілік етеді. Сондай-ақ құрамында «Фотоөнер» бірлестігінің жетекшісі Асылхан Абдраим, ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы, фотосуретші, ғалым Досжан Балабекұлы, фотосуретші Ернұр Манапхан, фотосуретші Үркінбай Әкбар, фотосуретші, журналист Даурен Мұхамеджанов, мобилограф, фотограф Айым Бахыбек, фотосуретші Марғұлан Жанұзақ бар топ Кеген, Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, Талды, Кеңсу, Көлбастау, Қарабұлақ, Саты, Күрметі ауылдары мен Көртоғай–Қызылтөбе, Қайқы асуы, Құмтекей, Ереуілтөбе, Мыңжылқы, Екіаша, Орта Меркі, Көлсай, Ағанас жазығы, Көртоғай шатқалдарын аралайды.
Кеген ауданы еліміздегі ең көрікті өңірлердің бірі. Мұнда әйгілі Шарын қатқалы, Көлсай, Қайыңды көлдері, Қарқара жайлауы сынды әлемге танымал көрікті жерлер бар. Соңғы жылдары ауданда туризм қарқынды дамуда. Сонымен қатар көпшілік үшін әлі де ашылмаған туристік нысандар көп. Олар туралы көбірек ақпарат беру үшін медианың әлеуетін пайдалану маңызды. Мысалы, Қытайдың туристік әлеуетін таныту үшін әр өңірде фотографтар фестивалі өтеді.