
Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары барысында ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырзамен кездесті.
Мегаполис әкімі Ерболат Досаев Қытайға сапары барысында ҚХР-дың жер сілкіністері жөніндегі агенттігіне барды. Алматы сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, қаланы дамыту бағдарламасының негізгі міндетінің бірі – сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту.
Сапар аясында Қазақстанның Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы мен CEA Геофизика институты арасында келісімге қол қойылды. Құжат сейсмикалық мониторинг бойынша бірлескен жұмысты және жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйелерін біріктіруді көздейді. Бұл қазақстандық және қытайлық мамандарға нақты уақыт режимінде жедел дерек алмасуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Біз Еуразиядағы сейсмикалық белдеулер жүйесіне кіреміз. Ал Алматының өзі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі», – деді Ерболат Досаев.
Алматыда қазір жер сілкінісі туралы ерте ескерту беретін 28 станция жұмыс істейді, алдағы уақытта тағы 70 станция орнату жоспарланған. Биыл 30 жаңа станция іске қосылмақ.