Төрт мың жылдан астам тарихы бар Го ойыны – стратегиялық ойлау, талдау қабілеті мен ұзақ мерзімді шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыратын зияткерлік ойын.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған турнирге биыл Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы саны – 60-тан астам ойыншы қатысуда.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 10 мың АҚШ доллары, бұл – Орталық Азиядағы Го турнирлері арасындағы ең ірі жүлде қоры. Бас демеуші – кәсіпкер, Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев.
«Турнирдің негізгі миссиясы – Қазақстанда Го мәдениетін дамыту, балалар мен жастар арасында зияткерлік спортты кеңінен насихаттау және еліміздің халықаралық зияткерлік спорт қауымдастығымен байланысын нығайту. Бүгінгі жарқын эмоцияға толы тартысты ойындар, керемет жеңістер әртүрлі шеберлік деңгейіндегі ойыншыларды бір арнаға тоғыстырды. Жарысқа бес жастағы баладан зейнет жасындағы үлкен кісілер де қатысуда. Әр түрлі елден келген қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, спорттық мінез-құлықты және қарсыластарына деген құрметті паш етті. Бүгінгі турнир – жай ғана жарыс емес, нағыз интеллектуалдық мереке болды. Біздің басты мақсатымыз - Го ойынын спорттық ойындар қатарына енгізу және арманымыз Қазақстан халқының 1 пайызына осы ойынды үйрету. Өйткені, бұл ойынның пайдасы зор. Бұл жай ойын емес интеллектуалдық ойын. Баланың стратегиялық ойлау, талдау қабілетін дамытатын зияткерлік ойын», – деп атап өтті Қауымдастық президенті Е. Құнанбаев.Бүгінде «Kunanbayev Cup» турнирі Орталық Азия өңірі мен шетелден келген ойыншылардың басын біріктіретін беделді халықаралық спорттық алаңға айналды.
Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет Го ойынын қарқынды дамыту жұмысы 2022 жылы басталды.
«Алғашқы Го мектебі Қазақстанда ғана емес ТМД елдері ішінде алғашқы болып 2023 жылы Алматыда ашылды. Әрі қарай даму мақсатында 2025 жылы Қауымдастық құрылып, мемлекеттік, жекеменшік мектептер мен жоғары оқу орындарында ойнатыла бастады. Қазіргі таңда 5150 қазақстандық ойынды меңгерді, оның 700-ден астамы балалар. Мектеп ашылғалы елімізде халықаралық және республикалық деңгейде 20-ға жуық турнир өткіздік. Оқушыларымыздың жетістіктері де бар, жақында біраз оқушымыз Шанхайдан жүлделі оралса, тамыз айында Қытай елінде тағы да 5-6 оқушымыз жарысқа қатысады, – деді Го мектебінің директоры Ринат Амангелді.
«Го ойынын қазақ тілінде дамыту – өмірлік миссиям», дейді турнирге қатысушы Азамат Махамбет. Ол жұмыстан кейінгі уақытта Го ойынын ойнап жүріп, өз миссиясын тапқан.
«Әдетте өмірде бір жағдайдарлы түсіну үшін оның суретін салып, жазу керек болады. Го ойынының тақтасы – Габан сурет салуға жақсы. Бұл ойын өмірдің әртүрлі сценарийлеріне қызық өлшембірлік деуге болады. Бүгінгі ойында менің тобымда мықтылар көп, олар Корея, Қытай, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан қатысып отыр. Қазіргі таңда елімізде Го ойынын дамытуға, әсіресе қазақ тілінде ойыншыларға сабақ беру менің миссияма айналды. Бұл мен үшін – жұмыстан тыс уақытта айналысатын хоббиім», – деді қатысушы.
Назира ЕЛЕУХАН





