
Алматы қаласы Медеу аудандық соты қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Н. Кажиннің үкімін жариялады, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Ол аула аумақтарын санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға жәрдемдесу сылтауымен 19,5 млн теңге сомасында жергілікті кәсіпкердің ақшалай қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылды.
«Кажинге мемлекеттік қызметте және мемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы үкіммен мемлекет кірісіне айналатын жалпы сомасы 21 млн теңгеден астам екі автокөлік құралы түрінде мүлкі тәркіленді», – делінген агенттіктік таратқан хабарламасында.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.