Алматы қаласында қоғамдық көлік қозғалысын жеделдету және жолдағы кептелісті азайту мақсатында жаңа арнайы жолақ енгізіледі.
20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ пилоттық режимде жұмысын бастайды.
Алматы қаласының жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, жоба аясында жол қызметтері арнайы сары түсті жолақтарды сызу және қажетті жол белгілерін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық дайындық шараларын 19 маусымға дейін аяқтау жоспарланған.
Ведомствоның хабарлауынша, арнайы жолақты енгізудегі негізгі мақсат – қоғамдық көліктің қозғалыс тиімділігін арттыру, жол қозғалысын реттеу және қаланың ең қарқынды көлік дәліздерінің бірінде қауіпсіздікті күшейту.
– Жаңа қозғалыс схемасы автобустардың тұрақты әрі болжамды қозғалысын қамтамасыз етуге, жалпы көлік ағынындағы кідірістерді азайтуға және маршруттардың кестеге сай жүруін жақсартуға мүмкіндік береді, – делінген басқарма таратқан хабарламада.
Пилоттық режим енгізілген өзгерістердің тиімділігін бағалауға және жол қозғалысына қатысушылардың жаңа тәртіпке біртіндеп бейімделуіне мүмкіндік береді.
Осыған байланысты қала билігі жүргізушілерге жол белгілері мен жол таңбаларына мұқият назар аударуды, сондай-ақ қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынды.
Мамандардың пікірінше, қоғамдық көлікке басымдық беру тәжірибесі әлемнің көптеген ірі қалаларында өзін ақтап, жолаушылардың жолда өткізетін уақытын қысқартуға және көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген.





