Алматыда жеке сот орындаушысы (ЖСО) өндіріп алынған қаражатты иемденіп, аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында сот орындаушысының қызмет бабын пайдаланып, өндіріп алушыларға тиесілі 370 миллион теңгеден астам ақшаны иемденгені анықталған. Сонымен қатар ол Range Rover автокөлігін заңсыз алып, мемлекетке 19 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Алмалы аудандық сотының үкімімен ЖСО қылмыстық жолмен келген мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол сот орындаушысы қызметін атқару құқығынан да айырылды.
Прокуратураның мәліметінше, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.





