Алматыдағы «Қазақстан» РТРК АҚ медиаорталығы желтоқсан айында пайдалануға беріледі

Алматыда салынып жатқан «Қазақстан» РТРК» АҚ жаңа медиа орталығы құрылысының 60%-ы аяқталды. Құрылысты қаржыландырудың 93,3%-ы Алматы қалалық бюджетінен (22,2 млрд теңге) қарастырылған, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Алматы құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, болашақ медиа орталық заманауи телестудиялармен, дыбыс павильондарымен, монтаж бөлмелерімен және іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған орындармен жабдықталады. Техникалық құрал-жабдықтар халықаралық деңгейде теле және киноконтент жасауға, сонымен қатар цифрлық форматтарды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ең үздік халықаралық стандарттарға жауап беретін заманауи, технологиялық дамыған медиа орталық болады», - делінген хабарламада.
Құрылысты аяқтау 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың 2025 жылғы 1 сәуірден 30 сәуірге дейінгі аралықта мемлекет басшысына берген есебінде айтылды, деп нақтылады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Алматыда салынып жатқан ғимарат 2013 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ Астанаға көшкенге дейін бас кеңсесі болып келген. 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде қатты бүлініп, кейін сүру туралы шешім қабылданған.