Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыға Еуропаның жетекші кардиологы келді

Алматыға Еуропаның жетекші кардиологы келді

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да Еуропаның жетекші интервенциялық кардиологы Джулиан Стрендж жүрек тамырларының зақымдануының күрделі формалары – сол жақ коронарлық артерия діңі, жүрек тамырларының кальциленген зақымданулары бойынша шеберлік класын өткізді, деп хабарлады Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ баспасөз қызметі.

«Бұл шеберлік-класс соңғы буын ROTA PRO жүрек тамырларын ротаблациялау жүйесін пайдалана отырып өткізілді. Бұл жүйе Қазақстанда алғаш рет қолданылуда. Бұл бізге ең күрделі патологиялары бар науқастарды емдеуге көмектеседі. Коронарлық артериялардың кальциленген зақымданулары және созылмалы жалпы окклюзиялары бар пациенттерге тері арқылы коронарлық араласулар жүргізілді. Шеберлік класына Алматы қаласының интервенциялық кардиологтары қатысты. Қала дәрігерлері кәсіби және клиникалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды», - дейді институттың басқарма төрағасы Марат Пашимов.

ҒЗИ-ның рентгеноперблок меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, коронарография жасау кезінде пациенттердің 10-20% - жүрек тамырларының созылмалы окклюзиясы анықталады. Коронарлық артерияның созылмалы окклюзиясында жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз ететін тамыр толығымен жабылып қалады. Жүрек жеткілікті оттегін алмайды, бұл өмір сапасының төмендеуіне, ентігуге әкеледі.

«Коронарлық артериялардың күрделі және кальциленген зақымдануы коронарлық стенттеу кезінде асқыну қаупін арттыруы мүмкін, сондықтан оңтайлы техника мен құралдарды таңдау бұл процедураның маңызды аспектісі болып табылады. Біз жасап жатқан операциялар - ең күрделі жағдайлар. Бірақ біз тәуекелдерді барынша азайта отырып, пациент үшін мұндай араласуларды мүмкіндігінше қауіпсіз жүргізуді үйрендік. Қазақстандық дәрігерлердің жоғары деңгейі мен тәжірибесін атап өткім келеді», - дейді шеберлік класын өткізген Джулиан Стрендж.

Айта кетейік, бұған дейін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да қалқанша безінің түйіндік түзілімдерін инновациялық әдіспен емдей бастағаны туралы хабарлаған едік.

Ұқсас материалдар