Жаңалықтар
Аймақ
Алматының Медеу ауданында талай жылдан бері қордаланған су тапшылығы мәселесі шешілді
Биыл жазда «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Каменск үстірті» шағын ауданындағы талай жылдан бері қордаланған су тапшылығы мәселесі шешілді. 2023 жылдың мамыр айында басталған ауқымды жоба аясында 7,3 мың текше метр суға арналған 7 резервуар салынды, 3 резервуар жаңартылды және тәулігіне 15,7 мың текше метр су өткізу қабілеті бар 3 жаңа ұңғыма салынды, тәулігіне 22 мың текше метр су өткізуге арналған 12 сорғы орнатылды.
Сонымен қатар, биыл шілде айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен тәулігіне 32 мың текше метр су беруге арналған резервтік су беру жүйесі пайдалануға берілді. Негізгі су көздері - Талғар жер асты суларының кен орындарынан су каскадты әдіспен жеткізіледі. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде «Самал», «Көктөбе» және «Горный гигант» шағын аудандарының бір бөлігінің 50 мың тұрғыны сумен тұрақты қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, қала басшысы атап өткендей, тұрғындар санының өсуіне байланысты, соның ішінде «Думан» шағын ауданында сумен қамтамасыз ету мәселесі барған сайын өзекті болып отыр. Жаз мезгілінде қолданыстағы резервуарлардың өткізу қабілеті ауыз суға деген қажеттілікті өтей алмай, тәулігіне 2,2 мың текше метр су тапшылығына әкелді.
Бұл мәселені шешу үшін төрт жаңа резервуар, 3,5 км су құбырының құрылысы және екі сорғы станциясын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады.
2024 жылдың соңына дейін «Кеңсай», «Компот», «Думан» және «Көлсай» шағын аудандарында 65 км су және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, «Мұзтау» және «Сұлусай» шағын аудандарында 19,5 км сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде, оны 2025 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау көзделген.
2024 жылдың наурыз айында «Атырау», «Алатау» және «Малая Станица» шағын аудандары бойынша 37 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға мемлекеттік сараптама алынды. Жұмыстар 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады.
Сондай-ақ, «Аскартау», «Юбилейный», «Каменск үстірті» және «Таулы қырат» шағын аудандарында 127 км желі салуға құжаттама әзірленуде, сараптама 2024 жылдың төртінші тоқсанында шығады.