Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуға 700 млн теңге бөлінеді

Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуға 700 млн теңге бөлінеді

Алматы отандық туризмді дамыту үшін алдағы жылы таулы және қалалық инфрақұрылымды дамытуға тағы 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Бұл қаражатқа тау маршруттары жасалып, кемпинг аймақтар салынады. Бірқатар нысан қайта жаңғыратудан өтіп, туристік объектілерге тактильді көшірмелері де орнатылады.

Одан бөлек, тау бөктеріндегі қауіпсіздік жұмыстары жетілдіріледі. Алматының туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Қалаға тоғыз айда 1,7 млн-нан аса қонақ келген. Оның 500 мыңы – шетеліктер. Былтырғы жылмен салыстырғанда туристердің саны 24%-ке көбейген. «Бұл, біріншіден, қалалық және таулы инфрақұрылымның дамуы, сапалы қызмет көрсету және дұрыс жарнаманың нәтижесі», – дейді мамандар. Енді мүмкіндігі шектеулі қонақтардың сұранысы да ескерілмек.

Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова: «Келесі жылдан бастап инклюзивті туризм саласын да дамытамыз. Алматыдағы танымал объектілердің жанына тактильді үлгілері орнатылады. Нақтырақ айтсақ, Алматы музейі, шіркеу, мешіт, Ұлттық музыкалық аспаптар музейі сынды архитектурасы ерекше нысандар бар. Осылайша, ғимараттың ерекшелігі туралы қолмен ұстап біле алады», – деді.

  Статистика бойынша Алматыға келген шетел азаматтары отандық туристерге қарағанда 87 есе көп қаржы әкеледі екен. Мысалы, әрбір шетелдік орта есеппен 750-ден 1500 долларға дейін ақша жұмсайды. Туристердің ішінде Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия және АҚШ азаматтары көп. 

 Қалада биыл 10 тау бағыты абаттандырылды. Мысалы, Тұйық су, Юннат көлі, Кіші Алматы шатқалы, Бұтақты шатқалы, Қара күнгей жотасы сынды маршруттар жөндеуден өтті. Ал келесі жылы навигациялық объектілері бар 10 тау маршруты құрылады. Одан бөлек, күн панельдері бар 3 кемпинг-аймақ салынады. Ондағы қауіпсіздік жұмыстары да жетілдіріледі.

 Келесі жылы Алмарасан шатқалының инфрақұрылымы реттеледі екен. Туристердің өміріне қауіпті өзен аңғарлары, жаяу жүргіншілер жолы мен көпірлер жөнделеді. Мақсат – Кіші Алматы шатқалындағы туристер ағынын Үлкен Алматы шатқалына бұру.
 

Ұқсас материалдар